Павлодар облысында жемқорларға сот үкімі шықты

Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында бірқатар лауазымды тұлға сотталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шенеуніктерге «жүйелі түрде пара алып келді» деген айып тағылған. Белгілі болғандай, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен оның екі қызметкері кәсіпкерлердің атқарылған жұмыс актісін «кедергісіз» қабылдап келген. Сот былтыр олардың екі миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз алғанын мәлімдеді. Күдіктілер кінәларын мойындады. Сот шешімімен олар ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Мәдина Нысанбекова, облыстық соттың бас маманы:

– Өзара сөз байласу арқылы сыбайлас жемқорлыққа жол берген бірнеше адамға қатысты сот шешім шығарды. Біреуі 8, тағы екеуі 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар өмір бойы мемлекеттік қызметті атқару құқықтары шектелді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.