Елімізде зейнеткерлік жасы қайта қаралуы мүмкін

Елімізде 2 млн зейнеткер бар. Олардың саны анағұрлым көп болар ма еді? Алайда 2017 жылы әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 63-ке жеткізу дұрыс деп шешілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірден емес 2027 жылға дейін. Биыл 60-тан асқандардың кезегі келді. Бірақ тұрғындардың зейнет жасын төмендетуді сұрап келе жатқалы қашан?! Енді, міне, мемлекет халық үніне құлақ асатын сияқты. Жақында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселенің жыл соңында қарастырылуы мүмкін екенін айтып қалды. 

Ералы Тоғжанов, Премьер-министрдің орынбасары:

Халықаралық тәжірибені де қараймыз. Адамды зейнетке жібермес бұрын әуелі оның зейнетақысының қандай деңгейде қалыптасатынын есептеу керек, елмен ақылдасамыз. Зейнетке ерте шыққан соң зейнетақы көлемі төмен болуы мүмкін. Сондықтан жылдың аяғына дейін осының бәрін ақылдасамыз.

Мәселе әлеуметтік кодекс аясында талқыланады. Ал экономист Сапарбай Жобаев әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұзарту себепсіз шара емес. 1998 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан азаматтар зейнетақы шотын өздері толтыруы тиіс. Есептей келе, олардың көп қаржы жинай алмайтыны белгілі болды. Қорды толтыруға мүмкіндік ретінде әйелдердің зейнет жасын ұзарту қажет болған.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Жасты бұрынғыдай 58-ге қайтаратын болсақ, бүгінгі күнде Қазақстандағы ең кіші кепілдендірілген 19 мыңдық зейнетақы алып жатқан адамдар бар. Олардікін біз не 15 мыңға түсіруіміз керек пе? Олардікін ең болмаса, минималды себетке, 36 мыңға көтеру мақсатын көтеріп жатырмыз. 36 мыңға көтеретін болсақ, Ұлттық қордан бүгінгі күндегідей 4-5 трлн, 6-7 трлн алып, ұлттық қордағы ақшаны 5-6 жылда ада қылуымыз керек. Осыған шешім қабылдайсыздар ма? Осы мәселені өте үлкен, асықпастан шешуіміз керек.

Сапарбай Жобаев биылғы бюджет 18 трлн теңге дейді. Оның 4-5 трлн Ұлттық қордың ақшасы. Міне, осы қазынаның 2-3 трлн теңгесі зейнетақыға жұмсалады. Экономистің есебінше, «әйелдердің зейнет жасын ұлғайтпаған кезде қазіргі шығын 4 трлн теңгеден асып кетер еді». Яғни зейнет жасын төмендету бюджетке салмақ салуы мүмкін. Ал бүкіләлемдік банк сарапшылары зейнетақы қорлары тығырыққа тірелетінін болжайды. Себебі жаһанда медициналық қызметтер жетілдіріліп, адамның өмір сүруі ұзарды. Сол себепті «зейнет жасын ұлғайту қажет» деген пікірде. Әзірге Хорватия, Түркия, Нидерланд сынды бірқатар елде зейнетақы азаматтардың еңбекке қабілеті бар кезінде алған орташа жалақысына сәйкестендіріледі.

Авторы: Мерей Мұратханқызы