10 тостаған қымызды бір өзі тауысты

Бір демде 10 тостаған қымызды бір өзі сіміріп тастады. Қорғалжын ауданында қымызмұрындық тойы өтіп, қыздар мен жігіттер қымыз ішуден жарысты. Тек ұлттық сусын емес, ұлттық ойындардан да сайыс өтті. 

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Қымызмұрындық – бие сауып, алғашқы қымыз ішу тойы. Бірақ біраз жерде бұл ұмыт қалған еді. Қазір сол салтымыз қайта жаңғырып жатыр. Міне Қорғалжын өңірінде өткен қымызмұрындыққа куә болдық. Аудан жұрты бірігіп, дүбірлі той өткізді. 

Берік Жанбаев, Қорғалжын ауданының әкімі:

- Бұл халықтың бастамасы болды. Біз оны қолдадық. Халық әрине сағынған. Барлық шығынды да, тегіс осы халық көтеріп отырған. Ауыл-ауыл болып, әрбір жылы туғандар бар. Соның барлығы атсалысып, міне бір адамдай жұмыс істеп жатыр. Қорғалжын азаматтарының өзінің тіршілігінің арқасында біз 25-тен астам киіз құрдық. 

Амангелді Аужанов, Қорғалжын ауылының тұрғыны:

- Бұрын мұндай болмаған, шынын айтқанда. Қазір бүкіл ауданның халқы атсалысып, көптеген қостар тігілді. Биелерді байлап келіндер сауып көрсетіп жатыр, тіпті ұмытылып кеткен дәстүрлерді. Індет деген 2-3 жыл уақытымызды алды. Аллаға шүкір, осы қымыздың арқасында халықтың көбі аман қалды.

Қымызмұрындық тойында қымыз ішуден жарыс өтті. Әуелі қыздар сайысқа түсті. Кейін шаршы топтың алдына жігіттер шықты.

- Міне Кеңбидайықтың азаматы Дулат сегізінші тостағанды ішіп жатыр. Әзірге осы кезге дейін қатысқан азаматтар 6 тостағаннан аса алмаған еді. Дулат болса сегізінші тостағанды сіміруде. Дулат жағдайыңыз қалай? Жақсы. Өліспей, беріспеймін деп тұр Дулат. Осымен міне Дулат 8-тостағаннан тоқтады.

Кеңбидайықтың жігіті жеңімпаз атанды. Дулаттың жерлесі Есенгелді Мұсабеков есімді азамат 5 минуттың ішінде 10 тостағанды сіміріп, «жыл көлтауысары» атанды. Ұлттық болмысымыз көрініс тапқан тойда ұлттық ойындардан да жарыс өтті. Шабандоздар бәйгеге түсіп, палуандар белдесіп, көкпар тартты. 

Мұрагер Ахметбеков, Шалқар ауылының тұрғыны:

- Көкпарда 80-90 ат қатысты. Ақмола облысының түкпір-түкпірінен палуандар осы көкпарға қатысты. Бәйгеміз өтті. Аламан бәйге 25 шақырымға. 30-40 ат бәйгеге қатысты. Одан кейін бәйгеміз болды 16 шақырымға. Тай жарыс болды. Тай жарысқа округ бойынша 25-30 шақты ат қатысты. Күрес өтті мына жерде. Күрестен балалар арасында ең кіші салмақтан бастап, түйе палуанға дейін әртүрлі салмақта өтті.

Той өткен жер «Бытығай» деп аталады. Ұлттық тойдың бұл маңда ұйымдастырылуы бекер емес. Қорғалжын ауылының іргесінде жатқан «Бытығай» кезінде көне қалашық болған. 

Дархан Бейсембеков, Қорғалжын ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Кесене тұрған жерде осы жерде мынау археологтардың жұмысының қорытындысы бойынша бұл жерде қазіргі тілмен айтқанда кірпіш зауыты болған ғой. Мынау қалаларды салған кезде дәл осы жерде сол кірпіш зауыты орналасқан болатын. Кейінгі жылдары біз осы кесенені салып, мемлекеттік тапсырыспен осы жерде қазба жұмыстары әлі де жалғасуда. Өзіміздің көне қалашық болғандықтан былайша айтқанда халықтық тойды осы жерде ұйымдастыруға біз шешкен болатынбыз.

Тойдың шашбауын көтеріп елордадан Қорғалжынға Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі де барды. Өнерпаздар қымызмұрындықты қыздырып, жұртты ән, күймен тербеді. 

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев