Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада донор тапшылығы сезілген

Елдегі донор саны кейінгі 5 жылда 30 процентке азайды. Әсіресе коронавирус өршіп тұрған кезде қан тапшылығы айқын сезілді. Қызылордада да тұрақты донор аз. Жыл басынан бері аймақ бойынша 3 жарым мыңдай адам қан тапсырса, соның 200-і тұрақты донор. 

Қан орталығының қорында қазір 2 тоннадай иммунды плазма және 4 топқа жарамды 40 литрдей қан сақтаулы тұр. Ол қазіргі жағдайда жеткілікті, ал егер ірі табиғи-техногенді апат болса теңізге құйған тамшыдай болады. Мәселен, жыл басындағы қаңтар оқиғасы кезінде ауыр науқастар қан таппай қиналған.   

Cәбит Пазылов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қаңтар оқиғасы болған кезде 150-ге дейін адам келіп қан тапсырды. Сол уақытта интернет, радио жоқ, адамдар өздері келіп тапсырып, сол жағдайдан шығып кеттік. Шынымен, қан көп керек болды сол кезде. Халықтың есебінен қажеттілігімізді жаптық. Әсіресе медицина қызметкерлері көп тапсырды. Адам өмірін сақтауға араша болып жүрген жерлестеріме медицина қауымының атынан алғыс білдіргім келеді.  

Жалпы қан компоненттерін кардиология, реанимация, нейрохирургия, перзентхана, перинаталды орталықтар көп сұратады. Бұл ретте орталық мамандары қан қорын жаңалау және жасарту керектігін де айтады. Ол үшін түрлі көшпелі акциялар ұйымдастырып, қаны таза жастардың қызығушылығын оятуға күш жұмсап жатыр екен. Сондай-ақ сирек кездесетін қан тобына жататын тұрғындарды іздеу шараларын бір жүйеге келтіру қажет. Қан дефициті жөнінде хабарландырудан оқып өздігімен келіп жатқандар да баршылық. Ерікті донорлар түрлі қан талдау сынамаларынан тегін өткізіледі.   

Клара Әжмолдаева, донор:

- Бір адамды құтқару бүкіл адамзатты құтқарумен тең дегендей менің мақсатым мұқтаж жандарға донор болып, қуаныш сыйлау. 3 ай сайын адамдарға қуаныш сыйлағаныма өзімді бақытты санаймын. Адамға көмек көрсету үлкен сауап деп ойлаймын. 

Димаш Жұмахан, донор: 

- Егер менің қан тобым біреуге көмектесетін болса әрине өте қуаныштымын. Тағы шақырса кез келген сәтте келуге дайынмын. Бүгінгі шара өте ұнады. Қызықты болды. Келесі кезекте өзімнің жақындарымды, достарымды игілікті іске шақыратын боламын.

Мұқтаж жандарға қан беруге даяр буынды бүгіннен тәрбиелеген жөн. Осы ретте өңірде «Мен болашақ донормын» атты балғын суретшілер байқауы өткізілді. Халықаралық донорлар күні туындысы үздік деп танылған жас қылқалам шеберлері марапатталды. Сондай-ақ өрендерге ұдайы қан тапсырудың ағзаға оң әсері жөнінде кең мағлұмат берілді. 

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов