Ұлттық құрылтай ертең басталады

Ел тарихына үңілсек, көшпелі халықтың мақсат мүддесін ойлаған құрылтай дала саясатын дамытуға көп септігін тигізген. Бағзы заманда парламент пен мәжілістің рөлін дәл осы құрылтай атқарды десек болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолғы жиынның жүйесі басқаша болғанымен, түпкі мақсаты бір. Қара мен ханның, халық пен биліктің арасындағы көпірді нығайту.

Ал ертеңгі Құрылтайда нендей мәселе қаралады? Дәл қазір елдің ойындағысы осы. Біраз ел сан-саққа жүгіртіп те жатыр. Ал бүгінгі күннің басты қоғамды толғандырған сұрақтарға жауап табу. Ел болып, бірігіп жол табу. Ұлттық құрылтайдың да мақсаты  – осы. Жиын ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнын басады.

Аман Мәмбеталин, саясаттанушы:

- Ол жаққа шақырған мүшелердің көбі аймақтың ауылда, қала жүрген кісілер. Олар мәселерді нақты біледі. Олар барып тікелей Президентке және нақты шешім жасай алатын кісілерге ашық түрде, ортада ешкімсіз тікелей айта алады. Бұрынғы Қазақстанның системасынан қалған минустары ол бюракратия. Ақпарат ұзақ жетеді, мүмкін дұрыс емес жетеді. Мемлекеттік аппаратта өтірік есеп жасау деген әдет бар. Сондықтан мынау жылдам, тез нақты жол болады.

Кеңесіп пішкен тон келте болмас. Иә, ел әр саланың беткеұстарлары жиналған жиында күрмеулі мәселелер талқыланады деп күтеді. Алайда бұл кеңес те көп жиналыстардың біріне айналып, сенімге селкеу түсірмей ме деген де сөздер айтылып қалып жатыр. Десе де, құрылтай мүшелерінің тізімі бұл күдікті сейілте алды ма? Қысқаша қайырсақ, қоғам көшбасшылары, түрлі саланың серкелері тізімнен табылды. Ұлытауға шақыру алғандардың арасында Асқар Жұмаділдаев, Ермұрат Бапи, Тоқтар Әубәкіров, Ілия Жақанов, Мұхтар Шахановтар бар. Бұл дегеніміз, түрлі пікір иелері бас қосып, мемлекет үшін тиімді шешімді табуға тырысады. Құрылтай мүшелерінің қай-қайсы да аузын буып қалмасы анық. Ұлттық құрылтайдың мүшелері бүгін белгілі болды. Онда барлық өңірдің өкілдері, саясаткерлер, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері және белгілі қоғам қайраткерлері бар. Мемлекет басшысы құрылтай төрағасы болып бекітілді. Ерлан Қарин мен Бибігүл Жексенбай төрағаның орынбасары, ал құрылтай хатшысы қызметі Айда Балаеваға тапсырылды.

Шерзод Пулатов, Өзбек этномәдени орталығының төрағасы, құрылтай мүшесі:

- Осы ұйымның негізгі бағыты – біздің бірлігімізді ары қарай күшейту, ұлттық құндылықтарымызды ары қарай насихаттау, оны нығайту болып табылады. Сондықтан біз жинаған тәжірибемізді, осы құрылтайда пікір ретінде білдіретін боламыз. Және де менің ұсынысым – біздің халқымызды мемлекеттік тілдің төңірегінде үйлестіру мәселесін көтеретін боламын.

Әлеуметтік желі беттерінде де құрылтай төңіргінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе, бүгін ғана белгілі болған кеңес мүшелерінің тізімі көп талқысына түсті. Басым бөлігі ел алдында қадірі бар азаматтардың Ұлытауға шақырту алғанына риза.   

Сонымен 117 мүшесі бар ұлттық құрылтай ертең басталады. Бабалардан қалған бұл кеңестің де қайта жаңғыруы санаға үміт ұялатады. 

Авторы: Бекзат Аманов