БҚО-да тоққа түсіп өлген малдың шығыны өтеледі

БҚО-да тоққа түсіп өлген малдың шығыны өтеледі

Батыс Қазақстан облысында тоққа түсіп өлген малдың иелеріне өтемақы төленетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта ескірген электр бағаналары жиі құлап, сымы үзіліп, салдарынан оқыс оқиға көбейіп кетті. Биыл Жаңақала ауданындағы екі ауылда электр сымын басқан ірі қара қырылып қалды. Коммуналдық кәсіпорын өкілдері шығынды өтеуден бас тартып, «малды қараусыз қалдырды» деп шаруаларды айыптаған еді. Алайда Кіші Айдархан елді мекеніндегі екі шаруа сотқа арыз түсірді. Бірнеше айға созылған іс аяқталып, тұрғындардың талабы қанағаттандырылды. Сот үкіміне сәйкес мал шығыны компания есебінен өтелуі тиіс.

Нұргүл Қанатбаева, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

– Орал қаласының №2 сотының 2022 жылдың 10 маусымдағы шешімімен «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-не қатысты азаматтық-процестік Кодекстің 223 және 226-баптары бойынша материалдық залалды өндіру туралы талап қоюшы арыздары ішінара қанағаттандырылды. Талап қоюшылардың әрқайсысына 630 мың теңгеден материалдық шығын өндіріледі. Шешім заңды күшіне енген жоқ.