Николай Синогин – ұзақ жылдар бойы андатр аулаған кәсіби аңшы

Николай Синогин – ұзақ жылдар бойы андатр аулаған кәсіби аңшы

Тоқсаныншы жылдары өндірістік сала тоқырауға ұшыраған соң жұмыссыз қалған. Кәнігі маман көп ойланып кеміргіштерді өсіру ісін қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бастапқыда шиншиланың отыз шақтысын Ресейден алдырған. Көбі жерсінбей қырылып қалыпты. Соған қарамастан шаруа олардың санын арттырып, сатылымға шығаратын деңгейге жеткізді.

Николай Синогин, Құйған ауылының тұрғыны:

-Жүні қыста қалыңдайды. Қазір түлеп жатыр. Күзге таман салмақ жинап, терісі үлкейіп, жүні үлпілдек болады. Яғни бұл сүтқоректілер табиғат заңдылығына сай тіршілік етеді. Күн суытқанда жүні де әдемі болады. Жылына екі үш рет балалап тез көбейеді.

Кеміргіштерді көбейту үшін шаруа желдеткіш және жылытқышпен жабдықталған қора салыпты. Әрбір ұяшыққа су берілетіндей жүйе жасап, құм төсеген. Дәрумендермен байытылған тағамдарын да беріп отыр. Арнайы құрылғы сатып алып, тері илеп көргенімен онысы көңілінен шықпай тұр.  

Николай Синогин, Құйған ауылының тұрғыны:

-Осы салаға маманданған өндіріс орны салынса  жақсы болар еді. Біз теріні соларға апарып өткізіп, олар теріден тон, бөрік өзге де киім кешектерді тігетін еді. Сөйтіп, отандық тауар өндірісі өркендейтін еді. Өзге шаруашылықтар да бұл кәсіпті қолға алып тұтас өндірістік жүйе қалыптасар еді.

Шаруа енді теріден бөрік тігіп, өндірістік саланы қолға алмақ. Сонымен қатар сүтқоректілерді тірідей сата бастады. Көбіне қала тұрғындары қызығушылық танытып, тапсырыс береді екен. Машақаты көп болса да Николай Синогин бұл кәсіпті әртараптандырып жан-жақты дамытуға бел буып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден Қуаныш Түргенбаев