Қостанайда үздік әлеуметтік жобалар анықталды

Көптің көңілінен шығып, қолдау тапқандар қатарында Әсем Шампейісованың қайырымдылық жобасы бар. Волонтер жетімдерге көмек беруді ұйғарған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игі бастамасы интернат түлектерін жұмысқа орналастырып, құжат мәселесін реттеуге негізделеді. 

Әсем Шампейісова, Әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпазы:

- Ноутбук аламын және принтер, қағаз. Аудандарға, ауылдарға барып. Өйткені аудандарда анықтама 500, 250 теңге тұрады психолог, наркологтың. Мен оларға көмектесемін. Жетімдерді жұмысқа орналастырамын сол жаққа барып.

Жобалардың әлеуметтік әсері қандай болады? Қоғамға қандай пайдасы тиеді? Комиссия мүшелері осындай талаптарға мән берді. Сол себепті ұсынылған идеялар балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғауға, экология проблемасын шешуге, ауылдың әлеуетін көтеруге арналды.

Абылайхан Кәкенов, Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Мұндағы басты мақсат – ақша табу емес. Белгілі бір мәселені шешу. Мысалы осыдан бір-екі жыл бұрын Үрпек ауылында балалар алаңын орнатқан болатынбыз. Одан кейін Федоров ауданында алма саябағын орнатқан болатынбыз. Мінеки, осындай кішкентай қаражатты талап ететін әлеуметтік пайдасы бар жобалар өзң қолдауын тауып отыр.  

Үздік жобалар демеушілермен қосымша жарты миллион теңгеге ынталандырылады. Бұл үрдіс аймақта 2016 жылдан бері қолға алынған. 

Динара Өтебаева, «Грин» азаматтық альянсы» ҚҚ төрайымы:

- Мұндай жобалар тұрақты қолдауға ие болады. Бізде бизнес-инкубатор құрылған. Яғни олар әлеуметтік кәсіпкерлік негізін меңгеріп, әрі қарай қаржыландырылады.

Грант иегерлері жобаларын қазан айына дейін жүзеге асыруы – міндет. Қаржының мақсатты жұмсалуы комиссиямен қадағаланады. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров