Жетісу облысында лай көшкінінен зардап шеккен отбасылар үйсіз жүр

Текелідегі лай көшкінінен баспанасы бүлініп, бес жастағы қызынан айрылған Гүлнәр Тілеухан үй-күсіз жүр. Мамыр айында болған қайғылы жағдайдан кейін қала әкімі «көмектесеміз, мәселені шешіп береміз» деген. Бірақ содан бері хабар жоқ екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қираған үйіне келген сайын Гүлнәр Тілеуханның жүрегі сыздап сала береді. Қапыда айырылған қаршадай қызын ойлап, өзін қоярға жер таппай кетеді. Қайғылы жағдайдан кейін ес жиғанымен тұрмыстық жағдай оның еңсесін тіктетпей тұр. «Баспана береміз» деп уәде берген әкімдікке де бірнеше рет барған.  

Гүлнәр Тілеухан, Текелі қаласының тұрғыны:

Қай уақытта болады. Нақты шешім жоқ. Тендер дейді. Тендер ұтқызамыз дейді, тендер болса, үйің болады дейді. Тендер жоқ болса, үйің жоқ дейді. Енді бір ай тосасың дейді.

Әкімшілік қызметкерлері жапа шеккен отбасыға баспана алып берудің бекітілген өзіндік тәртібі бар. Соған біраз уақыт қажет деп отыр.

Сері Болысбайұлы, Текелі қаласы әкімінің орынбасары:

– Төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен үйлерге техникалық қорытынды алынып, бүгінгі таңда екі үйге құжаттары сәйкес келгеніне байланысты байқау жарияланды. 24 мамырдан бастап 24 маусымда байқау ашылады. Ол байқауда бүгінгі күнге қарасақ, бір адам өтініш беріпті. Екінші адам – Гүлнәр Тілеухан. Өзі барып үйді көрді. Үй иесімен сөйлестік, құжаттарын көрдік. Біздің талаптарға сәйкес келеді. Ол кісіге техникалық көмек көрсетіп жатырмыз. Яғни екі үйден бір үйді комиссямен Гүлнәр Тілеуханды қатыстырып бір үйді алып береміз.

Гүлнәр Тілеуханнан бөлек үш отбасы да баспана мәселесінің шешілуін тағатсыздана күтіп жүр. Олардың арасында үйін өз атына аудармағандар да бар. 

Асия Евсеева, Текелі қаласының тұрғыны:

– Мен үйімді келісімшарт негізінде сатып алғам. Содан бері өз атыма аудармаған едім. Енді соттан-сотқа жүгініп, жылжымайтын мүліктің өзімдікі екенін дәлелдей алмай жүрмін.

Апаттан кейін Қонаев көшесінің тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр. Олар тағы да лай көшкіні бола ма деп қауіптенеді. 

Әсет Әбдібеков, Текелі қаласының тұрғыны:

– Бір ай болды қағазды бізге бергеніне. Оның ішінде жазылып тұр. Төбедегі үйлердің бәрі бұзылуы керек. Алатынын алып, сетка қойып усилить ету керек деп жазылған. Оның біреуін қолына алмаған әкім.

Қала әкімі болса, апат аймағына география және су қауіпсіздігі институтының мамандары зерттеу жүргізді. Сараптама нәтижесіне негізделген ұсынысқа сәйкес тиісті шаралар қабылданады деп отыр.

Батыр Молдахметов, Текелі қаласының әкімі:

–Тиісті өлшемдер жасалып, мәліметтер жинақталды. Облыстық ТЖД мен «Қазселден қорғау» мекемесінің мамандары және жобалау институтының өкілдері арнайы жоба дайындады. Соған және құрылыс жұмыстарына шамамен 140 млн теңгеге сұраныс жасады. Біз оны облысқа жібердік. Қаражат бөлінген соң бекітетін боламыз.

Шаһар басшысының айтуынша, аталған жұмыстар бірнеше айдан соң басталады. Қайғылы жағдай қайталанбауын тілеп жүрген тұрғындардың тағы да күте тұруына тура келеді.   

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов