ШҚО-да алтын іздегендер табиғатқа зиян келтіріп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында алтын іздеушілердің бей-берекет ісі қоғам белсенділері мен табиғат жанашырларының наразылығын тудыруда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған дейін Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары сондай компанияның қызметіне қарсы тұрғаны жайлы талай айтылған еді. Енді Самар ауданының жұрты бағалы металл іздегендердің кесірінен іргедегі өзен құрып кете ме деп алаңдаулы. Алайда қанша жерден шырылдағанмен тау қопарып, тас жарған кәсіпорындардың арасында заңға бағынып жатқандары некен-саяқ. Самарлықтарды сары уайымға салып отырған осы Құлынжон өзенінің тағдыры. Өйткені ол – маңайдағы бірнеше ауыл мен елді мекендер үшін негізгі су қоры. Ержан Дүсіпов «балығы тулаған,орманы шулаған» туған жерінің бүгінгі жайын көріп күйінеді. Жаз сайын қопарылып жатқан Құлынжонды құртып алар ма екенбіз деп алаңдайды.

Ержан Дүсіпов, қоғам белсендісі:

– Қайран Құлынжоным-ай, мен осы жерде туып өскем. Мыналардан кейін балық тұр ғой, ешқандай шаян да қалмайды да. Заңнан қорықпайтындар не болмаса, құдайдан қорықпайтындар «Алтынды көрсе, періште жолдан таяды» деп бәрін құртып жатыр.

Өткен жазда осы жерде тағы да түсірілім жасаған едік. Жерді қазып, өзенді ластап, қалай болса, солай жұмыс істеген компанияның ізін ғана көргенбіз. Содан бері рекультивация жасаған жан болмады. Заң да,құзырлы орган да ол компанияны тәртіпке шақыра алмады. 135 мың теңге айыппұлмен құтылып кетті. Биыл сол маңда тағы да жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бұл басқа мекеме. «Ісіміз таза, мақсатымыз барлау-бақылау», – дейді олар. Десе де Самар ауданынан келген топ бұған сенбеді.

Эльмира Ахметова, тілші: 

– Жаңа ғана осы жерде жүк көліктері әры- бері сабылып, қызу жұмыс жүріп жатқан. Біз келіп ек жұмыс тоқтап қалды. Бірде бір ауыр техника жоқ. Мұның өзі көңілге күдік ұялатады. Егер барлығы заңды болса, құжаттары дұрыс болса, жасыратын несі бар?

Мекеме өкілдері барлық талап сақталғанын айтып ақталды.Тіпті өздерінен соң рекультивация жасау үшін қомақты сақтандыру сомасын да рәсімдепті.

Нұржан Бектұров, барлау-бақылау компаниясының өкілі:

– Біздің жұмысымыз жаңағы айтып кеткендей, келісім құаттар бәрі бар, сол бойынша сол тәртіппен іске асып жатыр, егер қандай да бір тексеріс келетін болса, су жағынан, жер жағынан келсе, барлық тексерісті өткізіп,көрсетіп бере аламыз.

Экологтар да олардың үстінен еш шағым түспегенін айтты. Ал өткен жазда Құлынжонның бойын қазып, қайта қалыпқа келтіру шарасын жасамай кеткен «SOK`s Gold» компаниясы бойынша әңгіме бөлек дейді. «Қайтсек те олардың заң алдындағы міндеттемесін орындатамыз» – деп отыр.

Данияр Әлиев, облыстық экология департаментінің басшысы:

– Ол жердегі жұмыс сол бойы атқарылмаған, рекультивация жүргізілмеген, табиғатты, суының қалыпқа келетін учаскесі келтірілмеген. Сондықтан тексеріс нәтижесі бойынша экологиялық талаптар орындалмағаны үшін деп айыппұл саламыз, қалпына келтіруді міндеттейміз.

Айтпақшы облыстың бас экологының айтуынша, осы «SOK`s Gold» мекемесі қалай екені белгісіз «ірі жер қойнауын пайдаланушы компанияның» аумағына кіріп, істерін тындырып кеткен.

Аудандағы жас депутат Қанат Мәмбетовтың алдына алтын іздеушілердің жұмысына орай ауылдағы ағайыннан апта сайын шағым түседі екен.Сол себепті бұл мәселені Президент әкімшілігіне дейін көтеруге тура келген.

Қанат Мәмбетов, Самар аудандық мәслихатының депутаты:

– Бұл туралы біз Президент әкімшілігіне депуттатық сауал жолдадық. Басқа амалымыз жоқ. Қолдан келген нәрсеміз осы болып отыр енді,тайынбаймыз істейміз, Бұл аудан бірнеше ауыл, Самар өңіріндегі кез келген ауыл пайдаланып отыр.

Самарлықтар бұндай кәсіпорындардың жұмысы бір ретке келтірілмесе, кейін сан соғып қаламыз ба деп қынжылады. Сондықтан құзырлы органдар тарапынан бақылау мен талап күшейтілсе, дейді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов