Малға жайылым жоқ. Есесіне пайдаланылмай жатқан жер көп

Мәселен, 2019-2021 жылдары елде 8 миллион гектардан аса алқаптың бос жатқаны анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл мұндай жерлерді қайтарып алу мерзімі екі жылдан бір жылға қысқарды. Ал бос жатқан алқапқа салынатын салық көлемі өсті. Енді шенділер мәселенің шешімін тапқанша шаруалар мал басын азайтуға мәжбүр.   

Астықты өлке Ақмолада жайылым жер тапшы. Егістік алқаптар елді мекендердің іргесінде жатыр. Мал жаю мүмкін емес. Бақташы да әбден ығыр болды. «Бидайға түссе, біттік», – дейді ашынған тұрғындар.

Қадыл Нәскен, Садовое ауылының тұрғыны:

– Өткен жылы малды айдап өтуге ана жайылысқа 300 метрдей жол тастаймыз деген. Бірақ әзір тек 30 метр жер ғана қалып отыр. 30 метр ол болмайды. Бізде 300 бас ұсақ мал, 200 бастың үстінде қара мал бар. Қазір өтуі қиын. Жылдан-жылға қиыншылық. Келер жылы тіпті, малды шығара алмайтын шығармыз. 

Егін ектің екен, ауыл халқына да қарайлас. Алқаптарға мал түспейтін амал тап. Бұл да тұрғындардың  диқан қауымына қояр талабы. Ал ауыл әкімі «жайылым жер жоқ емес, бар», – дейді.  Бірақ ол Зеренді – Атбасар автожолының арғы бетінде. Егістік алқапты жайылым жерге айналдыру да оңай шаруа емес.    

Базарбай Қосаманов, Садовое ауылдық округінің әкімі:

– Облыстан ауыл шаруашылығы бөлімі басқармасының бастығы Балжанов Серік Мырзасейітұлының және аудан әкімі, аудан прокурорының қатысуымен күні кеше отырыс болған. Сонда берілген тапсырма бойынша қазіргі кезде кісілермен осы мәселе қаралды. Хаттама жасалды. Қазір ол хаттамалардың барлығын тиісті орындарға жіберетін боламыз.  

Күрделі мәселе Қызылорда облысына да тән. Өңірде өрісті малға толтыру үшін  3 жарым миллион гектар жайылым  керек. Бұған дейін 5 ауданда ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерді түгендеу жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 200 мың гектардай егіс алқабы мен жайылым жердің игерілмей жатқаны анықталды. Ал түлік санын қайтсем көбейтем дейтін шаруалар өрісін кеңейте алмай әлек. Солардың бірі Гүлсім Бодықова шабындық жер таба алмай шарқ ұрып жүр.    

Гүлсім Бодықова, шаруа қожалығының төрағасы:

– Қазір сиыр саны 50-ге барып тұр, жылқы саны 2 үйір, қойдың бағыты 3 жүздей, түйе саны сол 50-дің шамасында болады енді. Жалпы жайылымдық жер жоқ бізде, өте аз. Ғ.Мұратбаев елді мекені қазір ұлғайып келе жатыр. Алысқа кетпей, жақын ауылдан берсе де барып шөпті шауып алатын.

Жайылымға жарымай отырған Қостанай облысында елді мекендер маңындағы жерлер жекеге жөнсіз берілген. Ал ата кәсіп ойдағыдай өрістеуі үшін аймаққа мың гектардай жайылым жер керек. Тың жерлердің бәріне есепсіз түрен салудың соңы осылай жер тапшылығына әкелді. Орасан зор көлемде жер алғандар да Қостанай халқын ашындырып отыр. Өйткені жерді не өздері игермейді, не өзгеге бермейді. Сондайлардың кесірінен қой санын 800 басқа жеткізген Ертай Жәлелов қазір шаруашылық көлемін шектеуге мәжбүр. Өйткені қолынан келсе, қонышынан басқан серіктестік ауыл маңындағы жерді түгел меншіктеп алған. «Бірақ 4 мың гектар жайылымдық жерді соңғы 10  жылда игерген жан көрмедік. Шөбін шапқызбайды. Мал жаяйық десек ит қосып қуады», – дейді ашынған шаруа.   

Ертай Жәлелов, Жақсылық ауылының тұрғыны:

– Мал жаятын жер жоқ, сосын шөп шабатын жер жоқ. Жер бар,4 мың гектар тұр, но шапқызбайды. «Жақысылық-2011» ЖШС дегеннің жері. Котлаван солардың территориясында. Мал айдамаңдар дейді котлаванға. Бұл менің жерім дейді.

Қостанай ауданына жалпы аумағы 129 мың гектардай жайылымдық жер керек. Рас. Жекенің малы үшін жер бөліп берген шаруашылықтар бар. Ал өз ауылдасына ұлтарақтай жер қимағандарды жауапқа тарту қиын. Бұл іске шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораториий қолбайлау. Бірақ  ның мерзімі осы жылдың соңында бітеді екен.    

Жансұлтан Таукенов, Қостанай ауданының әкімі:

– Мен де білем Жақсылық мәселесін жаңағыдай елді мекендегі мәселені. Бүгінгі таңда 4 мыңдай жерді жаңағыдай не халыққа бермейді, не өзі өңдемейді. Бүгінгі таңда сол жерді сіздерге сатқысы келеді, басқа біреуге сатқысы келеді. Банкке қойып, несие алып, артынан кейін қайтармай, мәңгі бақи сол жерлер көп жылдар банкінің залогында тұрғанын қалайды. Біз оған жол бермейміз.

Еліміздің солтүстігінде де жер дауы ушығып тұр. Осыған дейін өңірде иесіз жатқан 5 мың гектар алқап мемлекет меншігіне өткен. Бірақ мәселе әлі де өзекті. Аймақ шаруалары шартты жер үлесінен бір қағылса, енді мал жаятын жер де жетпей жатыр. Мәселен, Қызылжарлық тұрғындар алдындағы түлігін сатуға көшкен.   

Ерғали Жәкеев, Рассвет ауылының тұрғыны:

– Өткен жылы 20 сиыр сауатын едім. Сүт тапсырдық, күніне 150 литр. Биыл мүлде жер жоқ бағатын. Содан әкім келді де маған айтты, ауылдық округтің әкімі биыл сиыр бақпайсың деді мына жаққа. Сонымен мен сиырдың бәрін сатып жібердім. Сөйттім де қазір көшуге ыңғайланып жатырмын мен. Басқа амал жоқ. Шөп шабатын жер жоқ.

Өрісі тарылған тұрғындар төрт түлікті қайда апарып жаярын білмей дал. Ауыл маңына айдасаң, айыппұл төлейсің. 

Талғат Ертаев, бақташы:

Бағатын жер қалмады. Ағаштың баурайына апаруға орманшылар рұқсат бермейді. Ауыл іргесіне де жаюға болмайды. Әкім болса, айыппұл саламыз деп қорқытады. Малға обал.

Әкіммен сөйлесу де оңай болмады. Шіренген шенділер шаруаның мұңын тыңдау былай тұрсын, телеарна тілшісімен де жүре сөйлесті: 

Шаруаларға жайылымдық жер беру мақсатында екі жыл бұрын өткізілген конкурс нәтижесінде де шикілік көп. Дегенмен әкім-қаралар тұрғындарға қажетті 30 мың гектар жер бөлу мәселесін тездетіп шешуі тиіс.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов