Берікжан Байжүнісов еліміздің ішкі істер органдарында 25 жылдан астам уақыт қызмет етті

Берікжан Әбенұлы Байжүнісов 1981-2006 жылдар аралығында ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Қатардағы милиция лейтенантынан полиция полковнигіне дейін көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбек жолын бұрыңғы Қапшағай қаласында тергеуші болып бастаған ол кейін Іле аудандық ішкі істер бөлімін, облыстық тергеу басқармасын басқарды. «Әсіресе, 1990 жылдар Қазақстан полициясы үшін ең қиын да, күрделі кезең болды. Біз сол кезде туындағын құрамдық, кадрлық түйткілдердің бәріне төтеп бере білдік», - деп, ол өткен күндер тізбегін ой елегінен өткізді.

Берікжан Байжүнісов, ҚР ІІМ Еңбек сіңірген қызметкері:

- 2-3 ай жалақы алмай да жұмыс істеген уақыттар болды. Учаскелік инспектордың үстеріндегі формалық киімдерінің жетіспеушілігі, жүретін автокөліктің болмауы сияқты қиыншылықтар болды. Іле ауданында Жауғашты мекемесінде осындай жаңағы форма тігетін цех бар. Сонымен барлық учаскелік инспекторларға формалар тігілді. Әр округтің әкімі өздерінің мініп жүрген автокөліктерін учаскелік полиция қызметкерлеріне бөлді.

Полицияны заман талабына сай жарақтандыру мәселелері біртіндеп шешілген соң Іле ауданында айуандықпен жасалған аса ауыр қылмыстар ашыла бастады. Алматы қаласында тұратын жалғызбасты зейнеткерлерді саяжайларға апарып, пәтерлерін нотариуспен басқаға  жаздырып, өзін өлтіріп отырған «қара риэлторлар» ұсталды. Мусиннің бандасы аталған бұл қылмыстық топ  14 адамды жер жастандырған. 25 жас қызды зорлап, асып өлтірген атышулы Мажаевтың бандасы да Берікжан Әбенұлы Байжүнісов басқарған Іле аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында қолға түсті. Қандықол қылмыскерлер түгел ұсталып, тиісті жазасын алды. 

Берікжан Байжүнісов, ҚР ІІМ Еңбек сіңірген қызметкері:

- Қандай қиыншылық болса да, ең бірінші оқиға орнына бірінші келетін полиция қызметкерлері. Қанша полиция қызметкерлері өздерінің өмірлерін қиып осы жұмыс барысында қаза болды. Ерлікпен қаза болды. Полиция қызметкерлеріне тілейтінім – ең бірінші тыныштық. Шеберліктерін шыңдай берсін. Ылғи биіктен көріне берсін! 

Берікжан Әбенұлының ұлы Айбол Байжүнісов те әке жолын қуып, осы мамандықты таңдаған. Ол қазір Нұр - Сұлтан қаласындағы «Байқоңыр» аудандық полиция басқармасында қызмет етеді. 

Айбол Байжүнісов, Байқоңыр аудандық ПБ іздестіру бөлімінің бастығы:

- Кішкентай кезімнен әкемнен үлгі алып, 10-11 класта мен әкеме «академия МВД-ға түсемін» деп айттым. Ол мені қолдады. Полиция қызметкерлерін сол мейраммен құттықтаймын, 30 жылдық мейраммен!

Берікжан Әбенұлы бүгінде Алматы облыстық сотының судьясы. Бірақ ширек ғасыр бойы өзі қызмет еткен Қазақстан полициясына бәрібір бір бүйрегі бұрып тұрады. Қыздары да заң саласын таңдаған. Мен жастардың берген антына адал болып, кәсіби тұрғыдан өздерін жан-жақты дамытып отырғанын қалаймын және олардың болашағынан зор үміт күтемін, - деді Ішкі Істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, Іле ауданының құрметті азаматы, полиция полковнигі Берікжан Байжүнісов.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосын