Қызылорда облысында бақша өнімі экспортталады 

Биыл Қызылорда облысы Шиелі ауданында мыңнан аса отбасы 600 гектар жерге бау-бақша дақылдарын екті. Бұл – аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін сақтау жұмыстары аясында қолға алынған бастама, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 3-4 жылдан бері ауданда күріш көлемі азайып, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі көбейген. Ерте көктемде егілген көкөніс пен бақшаның алғашқы өнімі шетелдерге де шығарыла бастады. Мұхтар Шоқаевтың негізгі қызметі мұғалім. Бірақ еңбек демалысына шыққан бойда жерден несібесін айыруға кіріседі екен. Биыл ол отбасымен 10 гектар жерге бақша дақылдарының бірнеше түрін еккен. Қауын-қарбыздан бөлек, қияр мен қызынақты да күтіп-баптауда.

Мұхтар Шоқаев, Шиелі ауданының тұрғыны:

50-60 отбасы егіп жатыр осы жерде. Қазір тамшылатып суару әдісіне өттік қой 4 жылдан бері. Алдында арықпен егетінбіз. Бейнеті бар еді. Қазір заман дамығаннан кейін тамшылату әдісімен егеміз. Жұмысын жеңілдетіп. 

Мұхтар Шоқаев секілді Жансейіт ауылында биыл 60-қа жуық отбасы бақша егуге білек түріп кіріскен. Олар дала жұмыстарын ерте көктемнен бастаған. Қазір қауын-қарбыздан бөлек, қызанақтың ерте пісетін түрінің алғашқы өнімін саудаға шығарып та үлгерген. 

Мақсат Ташматов, шаруа қожалығының төрағасы:

– Біз қызанақ дейміз, помидор біздің Қазақстан бойынша бүкіл қалаларға барады және шетелге де кетеді, Ресейге қарай. Қызанақ кетеді, өйткені бұл бізде пісетін қызанақтың бұл сорты жолға өте шыдамды.

Ауданда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары аясында 1192 отбасына 612 гектар егіндік жер тегін бөлініп берілген. Бүгінде оның 176 гектарына картоп, 265 гектарына көкөніс және 171 гектарға бақша дақылдары егілген.

Мұрат Әшірбеков, Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

–Ол барлық ауылдарда орналасып, одан бөлек тұрғындар өздерінің шаруа қожалықтарының үлескерлері бар, аз қамтылған отбасыларына үлескерлік жерлер беріп, қазіргі таңда алғашқы өнімдері шығып жатыр.

Биыл Шиелі ауданында 30 250 гектар жерге егін егілген. Оның 11 мың гектары күріштің үлесінде. Сырдария өзенінде су мол болған жылдары бұл ауданда 14 мың гектарға дейін Сыр маржаны күтімге алынған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин