Алматыда автобусқа газ құятын бекет тапшы

Алматыда қоғамдық көліктер бірнеше күннен бері газ құю бекеттерінде ұзынсонар кезекте тұр. Ал жолаушылар діттеген жеріне жете алмай, енді бірі жұмысынан кешігіп әлек. Оның үстіне автобустар көше бойына тізіліп, кептеліс туындатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал осындай ыстықта автобус жүргізіп жан бағып жүрген жүргізушілер,  күнделікті жоспарды орындай алмай жатқандарын айтады.

Қуат Әбілқайыров, автобус жүргізушісі:

- Мен бұл жерде тұрғаныма таңғы сағат 5:30 тұрғам. Міне сағат, обед болған шығар? Сағатқа қарап-қарап жалығып кеттік. Халық бізден көреді. Жаңағы келесің адамды түсіріп кетесің, түсірмейін десең заправкаң жоқ. Соны амал жоқ түсірген соң халық шулайды.  

Жұмашбатыр  Омарұлы, автобус жүргізушісі:

- Енді бізге де жұмыс істеген жақсы ғой негізі. Тұрып-тұрып шаршағаннан. Жұмыс істеген жақсы. Сондықтан болашақта алдағы уақытта жақсы болады деп ойлаймыз барлығы.

Қоғамдық көліктердің қаңтарылып тұрған себебі қаладағы газ құятын алты станцияның үшеуі істен шыққан. Енді шілденің 20-сына дейін жағдай осындай болмақ. Өйткені жөндеу жүргізіліп жатқан станциялардың алғашқысы шілденің аяғында ғана іске қосылады. «Ал қалған екеуі тек жыл соңында дайын болады»,- дейді мамандар.

Абылайхан Омархан, қалалық Мобильділік басқармасы маршруттық  желіні ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

- Жұмыс істеп тұрған  үш станциямыз жеткіліксіз.Үш жұмыс істеп тұрған  станциямыз бүгінгі күні Алматы қаласында тәулігіне 24 сағат жұмыс істегенде 500-ге жуық автобусты ғана газ құюға мүмкіншілігі бар. Дегенмен Алматы қаласында бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған 750-ге жуық автобус яғни күнделікті жұмыс атқаратын автобусымыз бар. Газ құю бекеттері қазір жеткіліксіз.