Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандар бір шаңырақтың түтінін берекелі түтетіп отыр

Бұл біркезде есік-терезесі жоқ, қабырғасы құлаудың аз-ақ алдында тұрған, қараусыз үй болатын. Петропавлдағы протездік-ортопедиялық орталықта танысып, кейін бірге тұрамыз деп шешкен Елена мен Игорьдің аз ғана қаржысы осы үйге жетіп, сатып алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек есік алдынан 3 камаз қоқыс шығыпты. Одан кейін аяғы санынан кесілген Игорь төменде, ал жіліншіктен төмен ампутацияланған Елена төбеде жүріп үйдің шатырын жабады. Қазір бұл үй адам танымастай кейіпте тұр.

Игорь Емельянов, Северо-западный кентінің тұрғыны

- Әлі қаншама жұмыс бар. Үйдің қабырғасын сылау керек. Көмір қора салсам деймін. Көлігімді қоятын гаражды ұзартып, шағын тауық қора салғым келеді. Екеуміздің жәрдемақымызды қоса есептегенде, 100 мың теңгеден сәл асады. Сондықтан қосымша жұмыс істемесек болмайды. Бау-бақша күндіз-түні еңбек ететін жеріміз. Өнім мол. Тұрақты сатып алушыларымыз бар.

Бау-бақша жайқалып тұр. Қияр мен қызанақтан тартып, қырыққабат, картоп, көкеністің барлығын өз күштерімен егіп жинап алады. Екеуі бір-бірінің мұңын түсініп, бір-біріне нағыз қамқоршы болып алған. Жақында шаңырақ көтергендеріне 10 жыл болады екен. Дәнекерлеуші болып істеген Игорьдің арбаға таңылғанына 14 жыл болса, Еленаның арбада отырғанына 9 жылдың жүзі болыпты. Екеуі де жақсы арбаға мұқтаж. Мемлекет есебінен берілетін арбалар икемге мүлде келмейді. Протездің де проблемасы көп.

Елена Емельянова, Северо-западный кентінің тұрғыны:

- Протезді кию үшін кемі 1 сағат уақыт керек. Кейін орнымнан тұрып, аяғымның ауырғанына денемді үйретіп аламын. Содан кейін барып жәйлап жүре бастаймын. Аурусыз өмір сүргім келеді. Мен күні-түні жұмыс істеймін. Бос уақытым жоқ деуге болады. Тағдырыма ризамын.

Қазір Игорь 8 жыл болған колясканы жөндеп мініп жүр. Бірақ тоз-тозы шыққан. Қолының қауқары болғандықтан, мемлекет оған электронды коляска бермейді екен. Осыған қарамастан олар қиындықтың бәрін еңсеріп, бүгінде бақытты өмір сүріп келеді.