Шетелдегі дарынды қазақ балалары Түркістанда бас қосты

Шетелдегі дарынды қазақ балалары Түркістанда бас қосты

Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Иран Ислам республикасынан келген қазақ диаспорасының балалары «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ХІХ Халықаралық олимпиадаға қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-шараның негізгі мақсаты – шетелдегі қазақ балаларын өзінің ана тілі мен әдебиетіне, тарихы мен мәдениетіне баулып, қызығушылығын арттыру. Үш күнге жалғасатын шара барысында 70-ке жуық білімді жеткішек алдымен берілген тақырып бойынша эссе жазып, шығармашылық қабілетін шыңдайды. Одан кейін әділқазылар алқасының алдында ғылыми жобаларын қорғайды. Ал олимпиаданың соңғы күні өз өнерлерін ортаға салады. Ән айтып, би билейді. Өлең оқып, күй тартады. Жарыс жеңімпаздары еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің арнайы дипломдарымен марапатталды. «Отандастар Қоры» олимпиада жеңімпаздарына Бурабайдайдағы 2 апталық жазғы демалысқа 3 тегін жолдама ұсынады.

Диана Ордабекова, олипиадаға қатысушы /Өзбекстан Республикасы:

- Ташкент облысы Бостандық ауданынан келдім. Бұл жарыс бізге өте маңызды. Қазақ болғандықтан дайындығымыз өте жоғары. Шығарма жағынан, қазақ тілі мен әдебиеті жағынан, ғылыми жұмыс жағынан ізденіп, кітаптар атқардық. Мен өзім қазақ мектебінде оқимын. Мен үшін олимпиада өте маңызды.

Дандай Ысқақ, сыншы, ғалым, филология ғылымдарының докторы:

- Ана тілін сүйетіндігі, ата-бабаларының мекені – Қазақстанға деген махаббаты, құштарлығы олардың жүзінен, сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан байқалып жатыр. Көптеген жастардың осы олимпиаданың арқасында Қазақстанға келіп те жатыр.