Ертіс өңірінде сынапқа қарсы тұжырымдама жүзеге асырылып жатыр

Ертіс өңірінде қоршаған ортаның сынаппен ластануына қарсы концепция жүзеге асырылып жатыр. Сегіз жыл бұрын басталған ауқымды шара шеңберінде Былқылдақ көлінің айналасы жер астындағы сазды қабырғамен қоршалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді ластанған жер асты суларының Ертіс өзеніне ағып кетпеуі мақсатында тағы бір нысан құрылысы басталмақ.

Мамандардың айтуынша, сорғы станциясынан Былқылдық көліне дейінгі аумақта екі жарым шақырымдық қабырға салынады. Бентонитті саз қауіпті металлдың жылжып кетпеуіне жол бермейді. Нысан құрылысына 750 млн теңге бөлінген.

Еске салсақ, Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аумағында химиялық апаттан соң 1000 тоннадан астам сынап көмілген. Қауіпті заттың сыртқа шығып кетпеуі үшін үздіксіз мониторинг жүргізіледі. Соңғы бес айда топырақ және су құрамында сынаптың шекті нормадан асуы тіркелген жоқ.

Әлия Есмағұлова, облыстық Жер қойнауып пайдалану, қоршаған орта және су ресурастары басқармасының бас маманы:

- Мақсат – ластанған жерасты суларының Ертіс өзеніне және жақын маңдағы екі ауылдың құдықтарына түсіп кетпеуіне жол бермеу. Қазіргі уақытта фортшахтаны орнату бойынша жер жұмыстары басталды. Топырақтың бірінші қабаты аршылды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады.