Кәсіби мерекеде «Хабар 24» арнасының бірқатар қызметкерлері марапатталды

Бұқаралық ақпарат құралдары тек тілшілер мен жүргізушілерден құралмайды. Жаңалықтар бөліміндегі жұмыс барысын кадрдан тыс қызметкерлер бақылайды. Биыл – арнамыз үшін олжалы жыл. Бірқатар әріптестің еңбегі еленіп, арнайы байқауларда жүлделі орыннан көрінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мирлан Алтынбек, тілші:

Телеарна жұмысы ұжымдық жұмыс. Оператор болған оқиғаны камерасына түсірсе, тілші оны мәтінге түсіреді. Артынша редактор тексереді. Бейнефайлдарды монтаждау жұмысымен видеоинженер және режиссер айналысады. Дайын материалды шығарушы редактор эфирге береді. Кадрдан тыс әр қызметкердің алатын орны ерекше.

Халық арасында журналистер туралы пікір әртүрлі. Бірі мақтаса, енді бірі даттауы мүмкін. Бірақ сала қызметкерінің арқалаған жүгі ауыр. Әсіресе екі жыл бойы күллі елді дүрліктірген пандемия мен қаралы қаңтар кезінде «Хабар 24» арнасының қызметкерлері тікелей эфирге қосылып, үздіксіз жаңалық таратумен болды.

Оңалтай Қуандық, «Хабар 24» арнасының шеф-редакторы:

– Журналист деген бұл халықтың ішінде «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» маман иесі сияқты көрінеді ғой. Бірақ олар да адам. Олар да темірден жаратылмаған. Олардың жүрегі бар, көретін көзі бар. Олар да адам болғандықтан кәсіби мерекеде әр түрлі саладан құттықтаулар келіп түседі.

Қарағанды облысындағы видеооператор Сайлау Игіліков үнемі ізденісте жүреді. Бұған дейін аймақтық телеарналарда кәсіби біліктілігін арттырып, әбден ысылған маман. 2012 жылы «Хабар 24» арнасы ашылғалы жұмыс істеп келеді. Бүгін ол төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің қолынан марапат алды.

Сайлау Игіліков, «Хабар 24» арнасының бейнеоператоры:

Операторлық ұнайды. Күнде жаңа жерге барасың. Жаңа адамармен танысасың. Жезқазғанға космонавттар қонған кезде соларды қарсы аламыз. Екінші күні шахтаға түсуіміз мүмкін. Үшінші күні тағы да басқа сондай әр түрлі іс-шараларға қатысамыз.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың «Құрмет грамотасына» ие болған әріптес көп. Олардың қатарында Қарағандыдағы меншікті тілшіміз Ардақ Қабыханов та бар.

Ал Қостанайдағы әріптесіміз Мағауия Қалиев пен Түркістандағы тілшіміз Жандос Жұмабек «Ерен еңбегі үшін медалін» тақты.

Жандос Жұмабек, «Хабар 24» арнасының тілшісі:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы «Құрмет грамотасын» алып жатырмыз. Қуанышымзда шек жоқ. Бұл біз сияқты аймақта, елдің арасында жұмыс істеп жүрген тілшілерді әрі қарай қанаттандырады, шабыттандырады.

Президенттің мемлекеттік грантын алғандар қатарында «Хабар 24» арнасының жүргізушісі Әнуарбек Жәлел бар. Тілшілеріміз «Аманат Медиа Премиясы», «Парламент Сөзі» және «Парасат» сынды ірі байқауларда да жеңімпаз атанды. Олар Дамир Берікұлы, Назерке Сұлтанқұлова және Дастан Сейілханұлы.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марат Диханбаев, Ерзат Заитхан