Қызылордада балық мал етінен қымбат

Базарда бордақыланған сиыр етінің келісі 2 мың теңге болса, дарияның жайыны 2800 теңгеден сатылып жатыр. Сазан құны да екі мыңға жетіп қалды. Жалпы өңірде Сырдария мен Аралдан бөлек 207 көлден балық ауланады. Кейінгі 5 жылда су маржанын сүзу көлемі бірнеше есе артқан. Бірақ балық арзандамай отыр. Неге?

Мынау Қазалының жайыны өте семіз, қолдан қамыр салып асса өте майлы. Міне майлылығы, осыны кесіп, тұздап қояды. 

Мәрияш Қалмырзаева 20 жылдан бері балық сатумен айналысып келеді. Бұрын осы Қызылорда қаласы маңындағы өзен-көлдердің балығы арзан бағада келетін. Қазір тек шалғайдағы Қазалы мен Аралдағы су айдындарының балығын сатамыз, дейді саудагер. Қыстыгүні тіпті Каспий теңізінен алдырады екен. Екі ортада делдал көп, кемінде 2-3 қолдан өткесін балықтың құны да аспандай береді.

Мәрияш Қалмырзаева, сатушы:

- 1800 теңге алып тұрсақ бұның басы мен ішек-қарнын алып тастап, етін орта белден бөліп, бөліп 2800-2500 теңгеге сатамыз. Ақшасын шығару керекпіз, басы мен уылдырығын ондай бағамен алмайды. Қызылордадан балық шықпай жатыр. Балық аз. Су аз, жылдан жылға балық азайып жатыр.

Жалпы өңірде ауланған балықтың сүбелісі экспортқа кетеді. Фосфоры көп көксеркені мысалы, базардан көрмейсіз. Ішкі нарық толық қамтылмағасын бағаның ырық бермей кететіні түсінікті. Қаскөйлер де балықты қырып барады. Бір ғана Арал теңізі маңында жыл басынан бері 3 жүзге жуық браконьерге хаттама толтырылған. Рұқсат қағазынсыз балық аулағандармен қатар тасымалдағандар да қазір жауапқа тартылады. Су маржанының жалпы есебі 100 АЕК асып кетсе тіпті қылмыстық іс қозғалады. Бірақ бәрібір қаскөйлер айылын жияр емес. Табиғат қорғаушылар болса оларды қуып ұстаудың өзі қиынға соғатынын айтады. 

Есенбай Есіркепов, Арал балық инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Бізге қарағанда браконьерлер жағының техникасы бізден асып түсіп жатқаны рас. Өйткені біздегі ат күшін есептегенде 40 ат күші. Ал ол кісілерде 60-75 деген мотор мініп жатыр. Жеткізбейді және алыстан кетіп қалады. Ұсталғанның өзінде 15 мың теңге айыппұл салынады. Рұқсат қағазсыз, рұқсат етілген ау-құрал пайдаланғанның өзінде.

Теңіз-көлде балық азайып, отырықшы халық үдере көшпесін деп мемлекет қолдан балықтандырып келеді. Қамыстыбас тұқымбағында жұмыс істейтін 100 адам израильдік технологиямен жылына 14 миллион 800 мың шабақ өсіріп, салмағы 20 грамға жеткен кезде су айдындарына жібереді.

Шынболат Құлмашев, балық өсіруші:

- Мына аппараттарда дөңмаңдай уылдырықтары тұр. Олар енді 5 күннен кейін балық болып, ванналарға түседі де тоғандарға жіберіледі. Бұдан 500 мыңға дейін дернәсіл күтіп отырмыз әрқайсысынан. Бұдан басқа біз ақ амур, тұқы балығын шығарамыз. 49-50 млн дейін дернәсіл алынады. 200-300 келіге дейін уылдырық алынады шаншылып, иньекция арқылы. 

1966 жылдан бері Арал мен маңайындағы көлдердің қорын молайтып келе жатқан тұқымбақта енді бекіре мен қаяз өсірілмек. Осылайша мемлекет тарапынан қызыл кітапқа енген балықтардың жойылып кетпеуіне жағдай жасалмақ.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов