Ұлттық домбыра күнінде «Жансая» әлеуметтік орталығында балалар күй тыңдады

Қос ішектен күмбірлеп шыққан күй адамға рух, қуат береді. Осындай ниетпен бүгін елордадағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ауыр диагнозы бар балалар үшін іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шабыт университетінен күйші шақырып, шағын концерт қойды. Балалардың қызығушылығын ояту үшін қолға домбыра беріп, оның тарихы мен құндылығын түсіндірді.

Жақсылық Киікбаев, ҚР АҚДМ жастар және отбасы істері комитетінің бас сарапшысы:

Орталықта жалпы 500-ден астам бала тіркелген. Күніне 40-тан астам бала бұл жерде қызмет алады. Алдағы уақытта ата-аналармен байланыстамыз . Балалардың денсаулығы жақсарып жатса, ондай іс-шараларды қарастырамыз. Біз домбыраны тек домбыра күнінде насихаттамаймыз. Домбыра әр күні әр қазақтың төрінде ілініп тұратын ұлттық аспап болғаннан кейін мұндай іс-шараны біз орталықпен келісе отырып, егер де сұранысы болса, бұдан әрі қарай онда ұйымдастыруға, жәрдем, қолдау көрсетуге біз министрлік тарапынан дайынбыз.