Витебск облысында қазақ жауынгерлеріне ескерткіш қойылды – Беларусь

Витебск облысында қазақ жауынгерлеріне ескерткіш қойылды – Беларусь

Павлодарлық іздестіру мүшелері Беларусь елінде жүргізілген зерттеу экспедициясынан оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасақ өкілдері соғыс жылдары кескілескен шайқас өткен Витебск облысы Дурбровенск ауданында қазба жұмыстарын жүргізді. Олар батыр бабаларымыздың рухына тағзым етті. Ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің құрметіне тарихымызда алғаш рет ескерткіш орнатылды.

Дурбровенск ауданының Поднизовье ауылының түбінде Беларусь елін жаудан азат ету жолындағы кескілескен ұрыс болған. Бұл далада талай қазақ жауынгерінің қаны төгілді. Қазба жұмыстары 10 күн бойы жүргізілді. Осы уақыт аралығында 18 батырдың жатқан жері анықталды. Алғашқы күндері қару, оқ-дәрі қалдықтары, кейін бірнеше жауынгердің мадельоны табылды. Халықаралық экпедицияға алғаш рет қатысқандардың арасында 16 жасар Санжар Смағұлов та бар. Ол да әкесі сияқты іздестіруші, тарихшы болғысы келеді.

Санжар Смағұлов, жас іздестіруші:

Әкем маған «Балам, жүр менімен, менімен бірге ұшасың, ел көресің» деп көрсетейін деген. Мен шынымен әкеме алғысымды білдіргім келеді. Өйткені маған жер көрсетіп, соғыста болған оқиғаны көрсетті.

Ел басына күн туғанда 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанғаны тарихтан белгілі. Оның ішіндегі 80-нен астам батыр Беларусь елін жаудан азат еткен. Жаужүрек ер-азаматтар дәл осы кең далада Отан үшін жан қиды.

Александр Каролевич, іздестіру взводының аға инстукторы:

/Беларусь/

Поднизовье ауылының маңайында тоғыз ай бойы фронт тұрды. Бұл жерде өтпелі жолдар болған. Олардың орнын табу қиынға соқты. Жауын тоқтамады. Қазба жұмыстарын сазды топырақ қиындатып жіберді. Десе де, сегіз шұңқырға тап болып, жауынгерлеріміз жатқан жерлер табылды.

Александр Шитов, «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі:

– Бұл жерде ата-бабаларымыздың ізі қалған. Алматы қаласында құрылған 88-ші атқыштар дивизиясы, Семей, Өскемен қалаларының азаматтары шақырылған 30-шы атқыштар дивизиясы жаумен қаймықпай соғысты. 101-ші қазақ атқыштар дивизиясының да сарбаздарды болды. Біздің мақсат – батырларымыздың рухына тағзым ету.

Экспедиция аясында Рыленки мемориалды кешенінде қазақстандық майдангерлердің құрметіне ескерткіш ашылды. Бүгінгі күнге дейін павлодарлық іздестірушілер туған топырақтан жырақ қалған жауынгерлердің ерлігіне 20-дан астам белгі орнатқан.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат