Павлодарда кең ауқымды жол жөндеу жұмыстары басталды

Павлодарда кең ауқымды жол жөндеу жұмыстары басталды

Ломов көшесі облыс орталығындағы  ірі көлік магистральдарының біріне жатады. Бұл көшемен трамвай жолы өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орташа жөндеу жұмыстары осыдан 10 жыл бұрын жүргізілген екен. Соңғы жылдары асфальт жабындылары тозып кетіп  еді. Ал ойылып кеткен кәріз құдықтары көліктерге қауіп төндіріп тұрған. 

Павел Дворцевой, учаске шебері:

- Алдымен асфальт төсеп аламыз. Одан кейін ғана құдықтарды орнатамыз. Сонда көлік жүрген кезде білінбейді. Асфальттың деңгейіне қарай қойылады. Соңғы жылдары толық бетонға көштік. Ақаулар болмайды.

Атқарылған жұмыстың сапасы мұқият тексеріледі. Жол активтері орталығының қызметкерлері қолданылып жатқан материалдардан зертханалық сынамалар алады. Құрылыс басталған күннен бері 18 рет жолға шыққан олар 20-ға тарта материалды    зерттеуден өткізіпті. 

Марат Валиев, жол инженері:

- Зерттеу жұмыстары жүргізілді. Алынған  барлық материалдар нормативтік құжаттарда көрсетілген  талаптарға  сәйкес  келеді.  Бұл бағыттағы бақылау  ары қарай да жалғаса береді.

Павлодарда биыл 12 ірі магистральды көше жөндеуден өтеді. Жол құрылысы сонымен қатар көптеген шағын көшелерді қамтыған. Шетте  орналасқан жекеменшік сектордағы кейбір көшелерде осы уақытқа дейін дұрыс жол болмаған. Болашақта инженерлік коммуникациялар өтетін жерлер де назардан тыс қалмайды. Ондай жерлерге қиыршық тастар төгіліп, тегістеледі.

Арслан Қалиақпаров, қалалық ТКШ, Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:

- Қаламызда  әлі асфальт-бетонды төсем жоқ  көшелер бар. Бірақ олардың жоқтығы бүгінгі күні осы жолдардың астында  орталық коммуникация жоқтығы  себебінен. Осы коммуникацияларды өткізгеннен кейін асфальт салынатын болады. Бірақ биыл осыған қарамастан біз ол көшелерді тек құмның үстінде қалдырмай қиыршық тас төсеп жатырмыз.

Жол жөндеу ісін 13 кезеңге бөліп жүргізу жоспарланып отыр. Негізгі жұмыстарды шілде айының ортасында аяқтау көзделген. Биыл облыс  орталығында жалпы көлемі 60 шақырымға жуық жол төсемі жаңарады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат