Ақтөбенің еңбек нарығында жұмысшыларға сұраныс көп

Құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик және қызмет көрсету саласына білікті кадрлар қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде хром, мыс өндіретін кен орындарында тәжірибелі маман тапшы. Бұл туралы қалада өткен бос орындар жәрмеңкесінде белгілі болды. Бұл жолы 50-ден астам мекеме 573 жұмыс орнын ұсынды. Сондай-ақ жастарға арналған бағдарламалар кеңінен түсіндіріліп, қайтарымсыз грантқа ие болу шарттары айтылды. Жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолынан шыққан бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылды.
Алтынай Маханова, қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры:
- Бұл жәрмеңке жыл басынан төртінші жәрмеңке. Алдыңғы өткізілген үш жәрмеңке аясында 58 жұмыссыз жұмысқа орналасқан болатын. қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығында Ақтөбе қаласы бойынша 1200 жұмыссыз тіркелген. Басым көпшілігі мұнай-газ саласы болып тұр. Мұнай-газ саласынан қысқартулар болып жатқандықтан, қазіргі таңда жұмыссыз ретінде тіркеліп, өздеріне тиесілі жұмысынан айырылу жәрдемақысы төленуде.