Талдықорғанда жұрт жел тұрса қорқатын болды

Талдықорған қаласындағы көп қабатты үйдің шатырын көктемде жел ұшырып кеткен еді. Сол кезде қалалық әкімдік қаражат бөліп, біраз жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ көп ұзамай атқарылған жұмыстың сапасы сыр бере бастады. Қағылған қаңылтырдың бірі кеше желмен бірге тағы ұшып кетті. Абырой болғанда, одан ешкім зардап шеккен жоқ. Енді тұрғындар жел тұрса қорқатын болды.

Ерік Мұхамедияров сапасыз жұмыстың дәлелі ретінде үйдің төбесінен құлаған қаңылтырларды жинап қойды. Оны құрылысты жасағандардың қолына тапсырмақ. Бұрын пәтер иелері кооперативінің төрағасы болған ол, желмен бірге желпілдеген темірлер тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұрғанын айтады. 

Ерік Мұхамедияров, қала тұрғыны:

- Қаңылтырдың өткірлігі пышақтан өткір. Мынау үлкен адамның, баланың басына тисе өлтіреді. Міне мынау да қапталы ұшып жатыр. Бұны енді қалай айтуға болады. Қайда баратынымызды білмейміз. Үшінші рет шақыртып отырмыз.

Кешегі желден спорт алаңының жабындысы да бүктетіліп қалған. Астындағы құмы көрініп, шаңы шығып жатыр. Төсенішті тартып қайта жапқан қариялар 2016 жылы стадион салынғанда құрылыс талаптары сақталмаған деп есептейді. 

Нүсіпбай Әбдірахым, қала тұрғыны:

- Основания дейміз бұл бетондалуы керек еді. Қазір көріп тұрғандарыңыздай мұның бәрі құм. Қолмен қазса көрініп тұр. Соны айдаған да кілемшелердің барлығын жаба салған. Бұл да көз бояу үшін жасала салған дүние.

Бұл үйдің шатырын наурызда жел ұшырып қалалық әкімдіктің тапсырысы негізінде жөнделген болатын. Тұрғындардың наразылығынан соң жауаптылар мердігер мекемені қайта шақыртып, жіберілген кемшілікті ретке келтіруге міндеттемек.  

Мәди Шакенов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Мердігер компания мен қалалық әкімдік арасында бір жылдық кепілдік мерзімі бар. Осы кепілдікке сәйкес, осы туындап жатқан наразылықтарды және жетіспеушіліктерді жөндеу жұмыстарын міндеттейміз. Соның негізінде жасалады.

Келесі жылдың соңына дейін қалада 45 ойын алаңы жаңартылады. Әкімдік қызметкерлері сол кезде аталған стадион да жөнделеді деп сендірді. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев