Бұрын сотталғандар мектеп автобустарында жүргізуші болып жүр

Соттылығы бар жүргізушілер мектеп автобустарын жүргізді. Бас прокуратура еліміздегі мектеп автобустарының жұмыс істеу сапасы мен қауіпсіздігін талдай отырып, бірқатар бұзушылықтарды анықтады.

Осы орайда мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәлігі, көлік жүргізу бойынша қажетті санаты жоқ жүргізушілердің балаларды тасымалдау және жүргізушінің жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру фактілері тіркелді.

Хабарламада айтылғандай, жекелеген өңірлерге оқушыларды тасымалдауға бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған және балалармен жұмыс істеуге құқығы жоқ азаматтар жіберілген. Бұған қоса бірқатар автобустар рейс алдындағы техникалық тексеруден, ал жүргізушілер медициналық куәландырудан өтпегені анықталды. Сондай-ақ автобус паркінің жай-күйі, олардың материалдық-техникалық жабдықталуы бойынша да қауіпсіздік талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды. 

Бас прокуратура тарапынан Білім және Ғылым Министрлігінің атына енгізілген прокурорлық қадағалау актісі бойынша 93 адам жол берілген бұзушылықтар үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Өз кезегінде, жауапкершілікке алынған азаматтардың арасында мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, әкімдік қызметкерлері бар. Бүгінде автопарк жұмысы мен оқушыларды тасымалдау қызметін жақсарту мақсатында өңірлерде білім ошақтарын автобустармен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Әкімдік алдағы уақытта 515 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Олардың бір бөлігі жаңа оқу жылында қолданысқа берілмек.

Сонымен қатар, қазіргі таңда  Білім министрлігі мен Ішкі істер министрлігі тарапынан оқушылардың қауіпсіз тасымалдау жағдайларына көңіл бөлініп, олардың  құқықтарының  сақталуына баса мән беріліп отыр.