Жүк көліктері жолды тас-талқан етті – Қарағанды облысы

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына көлікпен жету мұң. Ауыр жүк көліктері асфальтты езіп жіберген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның кесірінен автобустар бұл бағытқа жүруден бас тартып, таксилер жол ақысын аспандатып жіберген. Мердігер компания бүлдірген жол қашан қалпына келтірілетіні беолігісіз. Облыс орталығына қатынайтын жалғыз жолды жарамсыз күйге түсірген құрылысшыларға жергілікті жұрттың өкпесі қара қазандай. Небәрі 120 шақырым қашықтықтағы автобанға жету бүгінде мұңға айналған.

Әлиақпар Рыспек, Сәуле ауылының тұрғыны:

– Бізде шойын жол жоқ елді мекенімізде. Әуе қатынасы жоқ. Бізге тамақ та осы жолмен келеді, ауырған адамдарды да осы жолмен тасиды. Сондықтан да қазіргі жолымыздың жағдайы өте қиын.

 «Ақой – Ақсу Аюлы – Ақтоғай – Балқаш» бағытындағы бұл облыстық маңыздағы жолдың 16 шақырымына жуырда ғана орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол үшін қазынадан 800 миллион теңге қаражат бөлініпті. Алайда қаладан асфальт тасыған жүк көліктері тас жолдың қалған 104 шақырымын тас-талқан еткен.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

Жүк көліктерінің салмағынан тіпті Үшарал ауылының маңындағы суағар да сынып кеткен. Енді тұрғындар ерте көктемде ауылды су баса ма деп қауіптеніп отыр.

Өкінішке қарай, енді соның кесірінен автобус жүргізушілері де бұл бағытқа жүруден бас тартып отыр. Ал такси құны бірден мың теңгеге өсіп, 4 мыңға жеткен. Аудан орталығына тауар жеткізетін фирмалар да келуін сиретіп, кәсіпкерлер зардап шегуде.

Төрехан Асанов, жүргізуші:

Езіп жіберді бүкіл жолды, көріп жатырсыздар. Шашылып жатыр машина. Міне, бүгін келе жатып фараның ободогын жоғалтып алдым. Осылай жүрміз енді.

Аудан белсенділері бұл мәселені айтып, құзырлы мекемелерге талай мәрте хат жазғанымен, жауап жоқ. Енді олар сотқа жүгінгелі отыр.

Ерден Керімбай, аудандық мәслихаттың депутаты:

– Енді бұл мәселелер бойынша облыстық басқармаға мәслихат депутаттарының тарапынан болсын, ауыл тұрғындарының тарапынан болсын, әкімдіктің тарапынан болсын бірнеше рет хат жолданды. Депутаттық сауалдар да жолданды. Бірақ басқарма тарапынан нәтиже жоқ. Қазір сотқа беру процесстері жүріп жатыр. Басқарманы содан кейін «Қостанай жолдары» ЖШС-ін облыстық сотқа береміз. Содан кейін тағы көреміз.

Жұмысқа тапсырыс беруші тарап бұл жайдан хабардар. Олар бүлінген жолды кезең-кезеңімен қалыпқа келтіруге уәде беріп отыр. Ал әзірге ой-шұңқырды тегістеуге мердігерді міндеттеген.

Ержан Көкішев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

– Орташа жөндеу жұмыстары жаңа айтып кеткендей, ендігі жылға 60 шақырым жоспарлануда. 30 шақырымға қазір ведомствалық экспертиза бар, сметалық құжаттама дайын. Қазір тағы 30 шақырымға қосымша жасалынып жатыр сметалық құжаттама. Енді жыл сайын бір 30-60 шақырымнан жасасақ, 3-4 жылда бітіреміз.

Ал оған дейін тұрғындарға қауіпті жолмен қатынаудан басқа амал жоқ. Ең бастысы бар жолды тас-талқан еткендер жауапсыз қалмаса екен, дейді тұрғындар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар