Алматыдағы жол азабы қашан аяқталады?

Алматының батыс бағытында ұзын-сонар кептеліс. Қаладан шығу күн сайын қиындап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені жарты жыл бұрын ғана пайдалануға берілген «Алтын орда» базары маңындағы жаңа көпірде жөндеу жұмыстары басталды. Былтыр сән-салтанатымен ашылған көпірдің асфальты түгел сүрілді. Бұған жұрт наразы.

Алмас Садуақас, тілші:

Түс ауа Алтын орда маңындағы күнделікті көрініс осындай. Көлік нөпірі көпірге келіп тежеліп, кептеліс болады. Ал жаңадан жасалған жолдың әр тұсында ұңқыр-шұңқыр пайда болып, асфальтінің астан-кестеңі шықты.

Көпір құрылысы 4 жылға созылып, өткен жылдың соңында ашылған еді. Алайда көлік жүргізушілерінің қуанышы көпке созылмады. Көктемде су жаңа асфальт былқылдап, кейбір тұстарында ойылып жатты. Ал өткен аптада жөндеу жұмыстары басталып онсыз да кептелістен көз ашпай келе жатқан тұрғындар әбден ашуланды. Республикалық маңызы бар бұл жол аймағы – Қазақстан мен Орталық Азия елдерін байланыстыратын халықаралық автодәліз. Күн сайын осы көпірмен мыңдаған көлік жүреді. Қазір Алматыда аптап ыстық. Осындай қапырықта кептелісте тұрудың өзі азап. Жолдың күтіміне «Қазавтожол» компаниясы жауапты. Мекеме өкілдері жол асығыс өткізілгенін мойындайды. Енді сол кемшіліктерді жою көпірді салған мердігер компанияның мойынына жүктелген. 

Нұржан Таңатаров, «ҚазАвтоЖол» ММ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:

Ол уақытша төселген асфальт. Сол кезде керек болған. Трафик осы жерде қатты болып жүреді. Мердігер бойынша сол жұмыстарды атқарып жасайды. Шам жағу жұмыстары бойынша тағы да қалған жұмыстар, төрт км бойынша жоғары төсемол ғана қалды. Жұмыс көп емес, 85 процент жұмыс дайын».

Көпірді асфальттау көп уақыт алмайды. Бірақ көпірмен қоса Алматының Қалқаман ықшам ауданынан бастап облыстағы Райымбек елді мекеніне дейін 4 шақырымға жуық жолға асфальт төселінеді. «Барлық жұмысты толық аяқтау қазан айына дейін жалғасады», – дейді жолға жауаптылар. Оған дейін «Алтын орда» базары жанында күнде кептеліс.

Авторлары: А.Садуақас, С.Жұмабаев