Жалғыз құдықтан су ішкен үшаралдықтардың мұңын кім тыңдайды – Қарағанды облысы

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты Үшарал ауылының тұрғындары тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық су жүйесін тарту жұмысы 14 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Жұрт қысы-жазы ауыл сыртындағы жалғыз құдықтан су тасып ішеді. 70 отбасы сапалы суға қашан қол жеткізеді? Үшарал ауылындағы 300 адамның күні жалғыз осы құдыққа қарап отыр. Оның өзі қашықта орналасқан. Арбасын сүйреткен жұрт қыста қар, ал көктемде лай кешіп, әзер жетеді екен.

Жақия Қанафина, Үшарал ауылының тұрғыны:

Суды анау бір шақырым жерден тасиды, одан да көп болады. Бала-шағаға қыстың күні, әсіресе, қиын. Қар алып қалады жолды. Балаларымыз әкеледі ғой енді, сонда да судан тапшылық. Суды тартамыз дегелі пәленбай жыл болды ғой, әлі тартылмай жатыр.

Ең сорақысы, жалғыз құдық жарықпен жұмыс істейді екен. Ал ауылда тоқ күнара өшеді. Айтуларынша, электр желілері әбден тозған. Сонау 2008 жылы мектеп салынған кезде мұнда қосымша су тарту жұмыстары да басталған. Тіпті, мұнарасы да орнатылыпты. Алайда суы тұзды болып, жоба тоқтап қалады. Енді биыл аяқсыз қалған жұмыс қайта қолға алынды. Құдық басқа жерден қазылады. Қазір қаржының алғашқы бөлігі де түскен. 

Марат Төлепбеков, Үшарал ауылының әкімі:

– Негізі жалпы көлемі 350 миллион болса, соның 150 миллионын биылға беріп отыр. Қазір ашық конкурсқа шықты. Енді соны бір мердігер ұтып алады. Сосын келіп, су тартуды бастайды. Бірақ келесі жылы аяқталады. 

Демек Үшарал ауылының тұрғындарына ауыз суды әлі бір жыл күтуге тура келеді. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, қазіргі күні Ақтоғай ауданындағы 32 елді-мекеннің 17-інде су жоқ екен. Келешекте оларды да тіршілік нәрімен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен шешіледі деп сендірді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар