Плантация ауылына газ желісі жеткенмен, әлі күнге көгілдір отынға мұқтаж – БҚО

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты Плантация ауылына газ желісі былтыр жеткен. Биыл ауыл ішіне тартылуы тиіс еді. Бірақ тұрғындар көгілдір отынның қызығын әлі көре алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыз су мәселесі де шешілмеген. Төрт баланың анасы Лиза Қамалованың көп уақыты осылай тезек теріп, от жағумен өтеді. Отағасы мал азығын даярлаудың қамында. Қыста ауылдағы фельдшерлік бекетте от жағады. Газ болмаған соң онда да ағаш пен көмірді пайдалануға мәжбүр. Қи жағудан құтылар күнді асыға күтіп жүр. Көгілдір отын үйге тездетіп кіргенін қалайды.

Лиза Қамалова, Плантация ауылының тұрғыны:

– Қазір от жағып жатырмын, ауылымызға газдың шкафы келіп тұр. Бізге газ болса, газ деген қымбат. Күнделікті тамағымызды шайымызды осы ошаққа пісіріп, амалдап отырмыз. Бізге енді газ болса жақсы болар еді. Тезектен құтылар едік.

Әзірге ауыл тұрғындары газ баллонын сатып алып, амалдап отыр. Оның құны қымбатқа шығады әрі тез бітіп қалады. 

Қасиет Орынбаев, Плантация ауылының тұрғыны:

2500 теңге тұрады. Әкеліп жағамыз, ол деген бір айға жетпей қалады. Жұмыс істемейтін адамға оңай емес. Көгілдір отын келсе,500 теңгеге шығатын бір айға жаздың күні.

Қасиет жағдайды баяндап болғанша ауыл тұрғындары түгел жиылды. 25-ақ түтіні бар шағын ауылда газдан басқа да шешілмеген түйткіл жетерлік. Жұмыс жоқ, жастар тұрақтамайды. Қымбатшылық та қысып барады. Бұрын ауылда бастауыш мектеп болды. Бала саны жетпеген соң ол да жабылды. Интернет түгілі ұялы байланыстың өзі өте нашар.

Айжан Қалиматова, оқушы:

Сабақ оқи алмаймыз, мен өзім Пятимарда оқимын, мектеп жабылып қалды. Интернетсіз қиын, ештеңе ашпайды, сөйлесе де алмайсың ешкіммен, сеть ұстамайды.

Қанат Қамалов, Плантация ауылының тұрғыны:

Басты мәселе осы мына көгілдір отын. Ертерек кіріп уақытында халық рахатын көрсе. Өйткені мына айналамыздың бәрі газ, біз осы арада түбекте пайданала алмай отырмыз. Мынау өкінішті қасымызға келіп, күнде келіп, қарап кеткенің өзі.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

Ауыл тұрғындарын ауыз су мәселесі де қинайды. Мұнда тіпті құдық та атымен жоқ екен. Тіршілік нәрін ауыл шетіндегі өзеннен тасып ішіп отыр.

Айсұлу Қаресова, Плантация ауылының тұрғыны:

Рас, мына су балдыр, ішінен аяқпен түсіп аламыз. Лас. Шайға қайнатқанда сап-сары болып шығады, соны ішеміз өзіміз. Ішінде қоңыздар ма, бірдеңелер бар. Ішуге болады, бірақ лас, өзіміз жиіркенеміз.

Талшын Мерәлиева, Плантация ауылының тұрғыны:

Су сосын мына суға түседі адамдар. Кейде малдың өлімтігі де түсіп жатады. Сол суды ішіп отырмыз ғой, бізге таза су болса. Су сұраған едік. Бірақ бізде халық саны аз келмейді деді, әкім бізге сөйдеді.

Газ желісі Жаңақала ауданына қарасты осы Плантация мен Борық, Салтанат пен Саралжын секілді 4 кіші елді мекенге жетіп тұр. Қаржы бөлінсе, кешікпей ауыл ішіне газ тарту жұмыстары басталады, – дейді аудан әкімі.

Дархан Закарин, Жаңақала ауданының әкімі:

– Енді ауылішілік газ желілері тұрғындарға, әлеуметтік нысандарға байланысты жобалық-сметалық құжаттарды біз толығымен жасап сараптамадан өткізіп қойдық. Жобаның құны қазір 170 миллион тұрады. Облыстық басқармаға біздер бюджеттік өтінім ұсындық. Енді сол қаржыландыру көзін күтіп отырмыз. Яғни қаржы шешілген уақытта ішкі жұмыстар жүргізіледі деп отырмыз.

Ауданға қарасты 22 елді мекеннің тең жартысы сапалы ауыз сумен қамтылған. Үш елді мекенге Құлшық жерасты суын тарту үшін жоба жасақталып жатыр. Ал жаңа ғана біз жағдайына куә болған Плантация мен Борық секілді кіші елді мекендерге кешенді су тазарту қондырғыларын орнату көзделіп отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов