Тағы да ауыз су азабы. Алматы тұрғындары суды тасып ішуге мәжбүр

Жаз келсе, Алматыдағы «Қарасу» шағын ауданының тұрғындары ауыз су азабын тартады. Жұрт жаппай тіршілік нәрін таситын көліктен су алуға тырысады. Ал жергілікті «Қарасу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құбыр мен су сорғының тозығы жеткенін алға тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қарасу» шағын ауданында 40 мың адам тұрады. Халықтың басым бөлігі жазда тасымал суды ішуге мәжбүр. Көлікпен әкелінген соң үйдегі бос ыдыстың бәріне толтырып алуға тырысады. Себебі тіршілік нәрі судың, әсіресе, жазда қажеттілігі басым. Жергілікті билік бұл мәселені шешуге бірнеше рет уәде берген. Алайда жағдай сол қалпы.

Ақкенже Кемелбекова, қала тұрғыны:

– Таңның атысы, күннің батысы су қашан келеді деп күтіп отырамыз. Осы өмір ме? Кімге айтамыз біз өзіміздің жанайқайымызды? Тыңдайтын адам бар ма? Баланы жуындыра алмаймыз, өзіміз душқа түсе алмаймыз.

Шағын ауданды сумен қамту «Алматы су» ұйымына өтуде. Қазірдің өзінде құбырлар тартылған. Алайда ол да тұрғындарға бас қайғы болып отыр. Мәселен, Шаяхметов көшесінде магистральды құбыр көше бойында қалып қойған. Тұрғындар «оған қалай қосыламыз» деген сауалға «үйлеріңе өздерің жеткізіп алыңдар» деген жауап алған.  

Венера Садырова, қала тұрғыны:

Бізге магистральдық желі тартылып, «Алматы суға» берілді. Енді біз бұл ұңғымаларға қосылуымыз керек, бірақ әр үйге бұрылған құбырлар мүлдем жоқ. Ол асфальттың астында қалды. 10 шілдеден бастап бізді «Алматы суға» қосады екен. Ал бізде құбыр жоқ. Енді мүлде сусыз қаламыз.

Шағын аудандағы бірнеше үй тұйықта орналасқан. Су тарту үшін олар құдықтан 50 метр су құбыры мен кәріз жүйесін тарту керек. Бұл үшін тұрғындар қалталарынан 300 мың теңге төлеуге тура келеді.

Күләш Қаржаубаева, қала тұрғыны:

– Жаз бойы су жоқ, тіпті биыл қысымен су болған жоқ. Адамдар бәрі шаршап кетті, айтып отырмыз ғой, жазбаған жеріміз қалмады, Президентке дейін жаздық.

Рақым Көкенов, қала тұрғыны:

– Әкімшіліктен біз күдерімізді үзе бастадық, өйткені талай бардық есігін тоздырдық, өтіріктен басқа қысқасын айтқанда ештеңе жоқ.

Осы мәселеге байланысты қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасына сұрау жіберген болатынбыз. Ресми хатта «Қарасу» ықшам ауданындағы абоненттерді ауыстыру бойынша жұмыстардың жыл соңына дейін аяқталатыны айтылған. Жалпы Алматы қаласында 40 мыңнан астам адам суды тасып ішіп отыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде айтқан болатын. Алдағы уақытта инженерлік желілер модернизациядан өтіп, коммуналдық қызмет көрсету сапасы жақсаратынын айтқан еді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Назгүл Бошан, Нұрдәулет Жақсыбаев