Алматы халықаралық әуежайы рейстеріне жанармай құюды уақытша тоқтатты

Алматы халықаралық әуежайы рейстеріне жанармай құюды уақытша тоқтатты

Алматы халықаралық әуежайы техникалық себептермен қонатын рейстерге жанармай құюды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған отандық әрі импорттық отынның тапшылығы және оны жеткізудегі қиындықтар себеп болған. «Мұндай шешім тұрақты жолаушылар және коммерциялық жүк рейстерінің тоқтап қалмауы үшін қабылданып отыр»,-деді әуежайдың баспасөз қызметі.

Жағдай жақсарғанша солай болады. Энергетика министрлігі 3 шілдеде өткен кеңесте Азаматтық авиация комитетін, әуе компаниялары мен әуежайларды Павлодар мұнайхимия заводында жөндеу жұмыстарының басталатынын және керосиннің жетпейтін мөлшерін импорттау керектігін алдын ала ескерткендігін айтады. Биыл қазақстандық тұтынушылар үшін Ресейден 300 мың тонна авиакеросин импорттау жоспарланған. Бірақ бес айда 31 мың тонна ғана жеткізіліпті.