Ертең Құрбан айт басталады

Ертең Құрбан айттың бірінші күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұлық мейрамға орай бірнеше бағытта қайырымдылық шарасын өткізбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Ертең мұқым мұсылман үшін қасиетті Құрбан айт басталады. Үш күн ішінде шамасы жеткен мұсылманға құрбан шалу міндет. Ал құрбан шалу асыл дінімізде ұлы ғибадат саналады. Ол сонау Ибраһим пайғамбар заманынан жалғасып келе жатқан амал.

Қазір ұлық мейрамға дайындық қызу. Әсіресе базарда қарбалас. Жұрт малын әкеліп жатыр. Азан-қазан. Ел бойынша мал сататын 50 шақты орын әзірленген. Бас қалада түлік 7 жерде сатылады.

Думан Имашев, базар директоры:

Арнайы құрбандық шалынатын орын бар. Қасапшыларымыз бәрі дайын бүгінгі күні. Санитарлық мәселесін өзіміз қамтамасыз етіп, қалалық әкімшіліктен арнайы мал дәрігерлері құжаттарын тексеріп, қамтамасыз етіп жүр. Мына жердегі Рыскелді қажы мешітінен бізге бас имамдар тағайындалған. Сол кісілерден өкілдіктер болады. Сол кісілер уағызын жүргізіп, қалай дәстүрін жүргізетінін бәрін анықтап айтады.

Түйе мен ірі қараны 7 кісіге дейін бірігіп шала алады. Ал қой мен ешкі тек бір адамның атынан болуы тиіс. 

Омар Байжанов, қала тұрғыны:

Қой таңдауға келдім. Ертең Құрбан айтқа дайындық. Немелерімді, балаларымды шақырып, сол бір малды шалып дегендей.

Тоқтар Әубәкірұлы, мал сатушы:

Ерейментау ауданынан келіп отырмыз. 30 бас қой алып келдік. Баға қалай болып жатыр? Енді базардың нарқы қазір 50 мыңнан 80 мыңның аралығында болып жатыр. Биыл балтырғыға қарағанда бір 15 мыңға-20 мыңға қымбаттаған. Себебі жем жағыан, шөп жағынан қиыншылық болды. Жем-шөп қымбаттап жатыр қазір.

Қазір елде қойдың ең арзаны 50 мың. Бірақ бұл бағаға кішігірім тоқты аласыз. Шопан ата түлігінің ең қымбаты Маңғыстау өңірінде. Ірілері 100 мыңнан асады. Сонда қойдың орташа бағасы 70 мыңға барып тоқтайды. Ірі қараның бағасы 350 мың теңгеден басталып, 500 мыңға дейін кетеді. Түйенің арзаны 500 мың, қымбаты 700 мыңнан асады. Құрбандық малын базарға барып, өзіңіз таңдап алсаңыз да болады. Ал баруға реті келмесе, «онлайн құрбандық» деген бар. Ақшаңызды жіберіп, қашықтан тапсырыс бере аласыз. Онлайн құрбандық елде осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

Жалпы шариғатымызда бар. «Өкілдік құрбандық» деп айтады. Бір кісіге сіз құрбандығыңызды табыстайсыз. Ол кісі сіздің атыңыздан құрбандық шалады. Онлайн құрбандықты қалай біз береміз деген сұраққа келетін болсақ, біз арнайы сайт аштық. «Qurban2022.kz» деген сайт бар. Осы сайтқа кіру арқылы біздің тұрғындарымыз ол жерде 4 түлік мал бар. Сол төрт түлік малдың қайсын құрбандыққа шалғысы келеді, олар соған таңдау жасайды. Сонымен тапсырыс береді. Сонымен жаңағы қаражатын аударады. Кейін ол жерде батырмалар бар «есеп алғыңыз келе ме» деген. Сосын есебі келетін болады. Құрбандығы шалынып, мұқтаждарға таратылады.

Ислам – мейірімділік пен ізгіліктің діні. Ұлық мейрамда «Зекет» қоры мұқтаж отбасыларға көмек беріп, бірнеше бағытта қайырымдылық шарасын өткізгелі отыр. Ал мерекенің ажарын аша түсу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттердің маңына киіз үй тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарас ұйымдастырылмақ. Хош. Ертең таңда мешіттерде айт намазы оқылады. Сосын барып, жұрт құрбандық шала алады. Мейрам шілденің 11-іне дейін жалғасады.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ырыстанбек Оспанов, Диас Қобыланбаев