А.Көлгінов: 2035 жылы елорда тұрғындарының саны екі есе өседі

А.Көлгінов: 2035 жылы елорда тұрғындарының саны екі есе өседі

2035 жылға қарай елорда тұрғындары екі есеге артады. Дәл қазір шаһар халқының саны 1 млн 200 мың, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық санының жылдан-жылға көбеюіне сәйкес әлеуметтік қажеттіліктерге деген сұраныс та артуда. Қазір бас шаһарда мектеп жетіспеушілігі мәселесі бар. Өткен жылы мұнда 7 мың оқушы мектеп бітірсе, 1-сыныпқа 24 мың адам келген. «Биыл да осы көрсеткіш қайталанады де күтілуде», – деді шаһар басшысы Алтай Көлгінов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

Өткен жылы 15 мектепті іске қостық. Биыл 16 мектептің құрылысы жүруде. Соның 11-і осы жылы аяқталады. Бұл жерде тек қана мемлекеттік бюджетке қарап отырмай үш механизмді іске қосып жатырмыз. Біріншісі бюджет арқылы, екіншісі мемлекеттік жекменшік серіктестік арқылы, үшіншісі инвесторлар арқылы, оған да сұраныс бар.

Сондай-ақ шаһарда өзге де әлеуметтік нысандардың құрылыс қарқынын арттыру қажет. Сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Қазіргі ауыз су насостары қаланы тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге үлгермейді. Сол себепті тағы бір насостың құрылысы жүруде. Оның құрылысы келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар ел астанасында 50 мың адам баспана кезегінде тұр және олардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл мәселе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Одан бөлек, шаһар басшысы «Алматы» және «Сарыарқа» аудандары толық көгілдір отынға қосылғанын айтты. Ал қалған екі ауданда газ құбырының құрылысы басталып кеткен.