Маңғыстауда шаруалардың қос қорық аумағына мал жаюына болады

Маңғыстау облысында төрт түлікті көбейтіп отырған шаруа қожалықтары Үстірт және Кендірлі-Қаясан қорығын жайылым ретінде пайдалана алады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімовтың айтуынша, биыл көктемде ылғалдың мол түсуіне орай шөп шығымы жақсы. Малшыларды жем-шөппен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Былтыр осы мақсатта жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген еді. Бұл айналым қаражат. Бес ауданға бекітілген операторлар өзге аймақтардан жем сатып алып, кідіріссіз жеткізіп отырды. Жауапты мамандар шабындықтардан шөп шабуға рұқсат сұрап, көрші облыстарға қызметтік хат жолдап қойған. Синоптиктер шілдеде Маңғыстауда қуаңшылық қайталануы мүмкін екендігін ескертіп жатыр.  

Қазбек Тәшімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазір келіссіөздер жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша Батыс Қазақстан облысында 30 мың гектарға жуық жер қарастырылып отыр. Шөпті жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында «Оңтүстік Үстіртіміз» бар. Сонымен қатар «Кендірлі-Қаясан» қорығымыз бар. Сол жерлерде қазіргі жазғы уақытта малды жаюға болатынын шаруа қожалықтарына түсіндіріп жатырмыз. Олардың өздері де ниет білдіріп, барып көріп малдарын апарып жатқан жағдайлары бар.