Депутаттар Ақтөбедегі проблемалы құрылыс нысандарын аралады

Былтыр құрылыс материалдарының қымбаттауынан елде пайдалануға берілуі тиіс нысандардың 3 проценттен астамы аяқсыз қалған.

Салдарынан тұрғын үй, жол, емдеу және спорт саласына бағытталған ғимарат салу ісі толық іске аспады. Себебі битум, кірпіш, темір және өзге де бұйымдардың бағасы күрт артқан. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының Ақтөбедегі құрылыс нысандарын аралау барысында айтылды. Мәселеге бірнеше жыл бұрын дайындалған смета құжаттарының уақытылы өзгермеуі де әсер етті. Тек Ақтөбе облысында 15 нысанның құрылысы тоқтап қалған. Былтыр бағаның шарықтауынан салада 35 млрд теңге игерілмеген. Үкімет тығырықтан шығудың жолын іздеп, тиісті құжаттарға түзету енгізуді қолға алған.  

Аманғали Бердалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 1-2 жылдан бері жасалып қойған құжаттарға сәйкес, қазір ұтып алған мердігерлер сол сметаның қайтадан есептеуін сол материалдың қымбаттауына байланысты, соған өтініш жасап жатыр. Біз да өзіміздің тарапымыздан тиісті министрлікке шығып, бұл мәселені көтеріп жатырмыз.