СҚО-дағы құрылыс қарқыны неге мардымсыз

Еліміздің солтүстігінде «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлер уақытылы тапсырылмай жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір облыс орталығында осындай бес бірдей үй бар. Нысандар бой көтерген. Алайда жылу, жарық, су жоқ. Әкімдікке сан мәрте хат жазған тұрғындар, құрғақ уәде естіп шаршадық дейді. Ал баспананың уақытылы берілуін қадағалайтын құрылыс бөлімінде пәрмен болғанмен, дәрмен болмай тұр. «Жас өркен» шағын ауданындағы 72 пәтерлі тұрғын үй өткен жылдың соңында бой көтерді. Алайда әлі күнге дейін инженерлік желілері жоқ. Құрылыс маусымы қайнап жататын шақта жұмыстар тоқтап тұр.

Атлан Сембаев, қала тұрғыны:

Үй тұрғызылды. Бірақ ол ешқандай инжинерлік комуникацияға қосылмаған. Яғни қазір мұнда су, жылу, жарық жоқ. Сорақысы құрылыс бөліміндегі мамандар 2021 жылдың қазан айында оны қабылдаған. Міне, содан бері 9 ай өтті. Ал халық болса, баспаналарын тосып шаршады.

Талай жыл банкке қаржы құйып, пәтер кезегінде тұрған отбасылар қазір көптен күткен кілттерін ала алмай жүр. Аталған мәселеден облыстық әкімдіктегілер де, тіпті прокуратура қызметкерлері де құлағдар. Бірақ жауаптылар күнде ертеңмен сендіріп келеді.

Гүлнұр Өтесбаева, қала тұрғыны:

– Әкімдік күтіңіздер, бәрі болады, қыркүйек айында кілттеріңізді аласыздар. Сосын қоныстарыңызды тойлайсыздар, уайымдамаңыздар дейді. Біз, әрине, сенеміз, сенгіміз келеді. Бірақ үйге барып қарасақ, ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Трубалар жатыр. Шөп деген өсіп кеткен. Үйге кіргізбейді күзет. Бізде жас отбасымыз. Екі баламыз бар. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз.

Ал қалалық әкімдік өкілдері болса, аталған сұрақ бойынша камераға сұхбат беруден бас тартты. Бірақ халық күзге дейін баспаналарына қоныстанады деп сендіріп отыр.

Бұл үйге инженерлік желілер тарту жұмысы бөлек жоба ретінде жүзеге асырылады. Оған республикалық қазынадан 32,7 млн теңге бөлінді. Сараптамаға сәйкес құрылыс мерзімі 1 айға жалғасады. Алайда бүгінгі күні ол жұмысты бастау мүмкін болмай отыр. Себебі бұл нысанға комуникация көршілес 144 пәтерлік үйден тартылады. Ал ол жоба жүзеге асырылу үстінде. Инженерлік желі тартуға арналған қаржы осы айда бөлінеді. Жұмыс тамыз айында аяқталуы тиіс.

Жалпы жоспар бойынша биыл облыс орталығында 22 көпқабатты тұрғын үй халық игілігіне беріледі. Дегенмен де қалалық әкімдікте пәтер кезегінде әлі 14 мыңнан астам адам кезекте тұр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов