Жаңатас қаласында бала ойнайтын жер жоқ – Жамбыл облысы

Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының жұрты жергілікті биліктен ойын алаңын салып беруді сұрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеке секторда тұратын жеткіншектер қоқыс пен тас үйінділердің арасында ойнап жүр. Ата-аналар баланың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Бұл ауданда бұрын балабақша болған. Кейін қирап, орнын күл- қоқыс басқан.  Басқа барар орны қалмаған балалар осы жерді ойын алаңына айналдырған.

Қасымхан Әбілқасым, Жаңатас қаласының тұрғыны:

Бізге футбол алаңын салып беріңіздерші, площадка салып беріңіздерші. Ай далаға барып қаңғырып жүрмейік. Жолға ойнайық десек, қорқамыз. Өтініш, бізге салып беріңіздерші.

Керім Палуанова, Жаңатас қаласының тұрғыны:

– Жасымыз де келе жатыр. Осылардың соңында жүреміз. Кешке дейін. Осылар қай жерде ойнайды. Олардың артынан әуре болып барамыз. Ол жақтың балалары кіргізбейді оларды. Сол балалардың артында шаршап жүрміз. Бізге өте керек мына алаң. Мына жерде тас, құлайды балалар.

Тұрғындар жергілікті билік өкілдерімен жыл басында кездескен. Сол кезде шенеуніктер аумақты тазартып, балалар алаңын салып береміз деп уәде берген. Десе де бос сөз болып шықты.

Самат Жаңқожаев, Жаңатас қаласының тұрғыны:

– Көктемнің алғашқы күні дәл осы проблема бойынша қала әкімінің өзі келген. Көпшілікпен бірге кәсіпкерлер келген. Сол кезде халықтың алдына төрт көзіміз түгел тұр, екі айдың ішінде шешім береміз деді. Оның бізде бейнетаспасы да бар. Одан екі айдан кейін, тағы төрт ай өтті. Тағы келді. Ол кезде Мәжіліс депуттары келді. Нәтиже жоқ.

Балабашқа ғимараты жекенің меншігінде болған. Биыл нысан қожайыны көз жұмған. Енді жер учаскесі Жаңатас әкімдігінің иелігіне өтпек. Құжаттар рәсімделіп жатыр.

Талғат Түлебаев, Жаңатас қаласы әкімінің орынбасары:

Жобалық-сметалық құжат әзірлеп жатырмыз. Сомасы 3,9 млн. теңге. Осы қаладағы бей-берекет жатқан қоқыс алаңдары алынады және сол балабақша орны тазаланады толық. Ол жерге жоспарымыз 40 сотық жерге балалар ойын алаңын қоямыз жылдың соңына дейін. Балалар ойын алаңы болады, кішігірім аллея болады. Тротуарымен, орындықтарымыз, жарығымен.

Бюджеттік өтініш жауапты мекемелерге жолданды. Ойын алаңын салуға 5 млн теңге қарастырылған.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Анастасия Сулейманова және Бақытжан Бапаев