Қостанай облысында екі жылдан кейін су тапшылығы туындауы мүмкін

Қостанай облысында екі жылдан кейін су тапшылығы туындауы мүмкін

Он жеті жыл бойы дұрыс су түспегендіктен Қостанай облысының су қоймалары бүгінде жартылай бос. Енді екі жыл осындай жағдай қайталанса, өңірде су тапшылығы туындауы мүмкін. Мамандар осылай дабыл қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі ең ірі саналатын Қаратомар және Жоғарғы Тобыл су қоймаларының сыйымдылығы миллиард жарым текше метр болса, қазір ондағы қор небары 400 миллион текше метр шамасында. Өткен мамыр айының басында қоймадан 70 миллион текше метр су өзенге жіберілді. Одан кейін келісімшартта көрсетілгендей Ресейдің Қорған облысына бөлінетін үлесі тағы бар. Су айдындарының таяздануы жасыл балдырлардың пайда болып, тіршілік нәрі сапасының бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін.

Гүлшат Оспанбекова, «ҚазСуШар» РМК ҚФ бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– Сондықтан барлық коммуналды шараушылық құрылымдарына ескертіп, балама су көздеріне көшуге кеңес береміз. Біздегі су қоймалары әбден ескірген. Бірі 1964, екіншісі – 1973 жылы салынған. Уақыт өткен сайын ондағы зиянды химиялық элементтер көлемі де арта түседі. Сондықтан ашық қоймалардан толық бас тартпағанмен, тұрғындардың денсаулығын ойласақ, тезірек жерасты суларын пайдалануға көшкеніміз абзал.