Еліміздегі коммуналдық кәсіпорындардың 95% шығынға батып жатыр

Аталған салада еңбек етіп жатқан шығыс қазақстандық мамандар осындай пікірде. Соңғы  жылдары қабылданған «Монополияға қарсы заң» жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген. Сондықтан бұған бүгін назар аудармаса, кейін тым кеш болуы мүмкін дейді сарапшылар. Риддер қаласындағы «Лениногорск-Жылу-Су арнасы» мекемесі қазір үлкен қиындықтарға тап болып отыр.

Шағын шаһар Риддерде 48 мың адам тұрады. Коммуналдық мәселесі әбден ушығып тұрған қалалардың бірі. Мәселен, мұндағы «Лениногорск-Жылу-Су арнасы» мекемесі банкрот болуға шақ қалыпты. Басшысы Александр Поповтың айтуынша, «монополияға қарсы қабылданған жаңа заң» істі кері кетіріп отыр.Бұл  бүкіл елге ортақ проблема. 

Александр Попов, Лениногорск жылу-су арнасы мекемесінің директоры:

- Жақында Петропавлдағы жылу орталығында  ұзын мұржа құлады. Не себеп болды деп ойлайсыздар. Оған директор де,бас инженер де кіналы емес. Ол қаражаттың жетіспеуінен құлады.Өйткені барлығы тек тариф тиімділігі туралы ғана ойлайды. Кәсіпорынның мұндай  күйге душар болуына не себеп,оған ешкім бас қатырмайды.

Тек тарифті төмендете беру кез келген коммуналдық мекеменің түбіне жетеді дейді маман. «Лениногорск-Жылу-Су арнасы 23 жылдан бері қаладағы екі үлкен ауданға қызмет ұсынып келеді. Жұмыстарында айтарлықтай олқылық болмаған. Алайда қазір жағдай мәз емес. Қарыз 240 миллион теңгеге жетті.Өйткені көмір жылына бірнеше рет қымбаттайды. Ал оған сәйкес тарифті тек бір-ақ рет өзгертуге болады. Электр энергиясы да удай. Бірақ ол стратегиялық тауарға жатпайды. Тариф алдын ала 5 жылға бекітіледі. Ал айналадағы баға сол уақытта бірнеше есеге өседі.Осындай жағдайда жұмысшылардың жалақысын өсіру тіпті мүмкін емес, дейді кәсіпорын басшылығы. 

Василий Никифоров, жылу жүйелері учаскесінің бастығы:

- Орташа жалақымыз 80-90 мың теңге. Жұмысшылар тоқтамайды. Қазір міне қысқа дайындық жүріп жатыр, жөндеу көп, ал жұмыс қолы аз.

Ирина Петрова осында слесарь болып істейді. Оған жалақысынан көрі мекеменің тығырыққа тіреліп тұрғаны жанына батады. Егер кәсіпорын жабылса тұрғындар не болмақ дейді ол. 

Ирина Петрова, кезекші слесарь:

- Егер кәсіпорын жабылса сұмдықтың көкесі сонда болады. Мұнда қаншама жұрт бар, тіпті қарттар үйі, аурухана сынды әлеуметтік нысандар тұр. Соның барлығы жылусыз, сусыз қалады ғой.

Заң тұрғындарды да оларға қызмет көрсетіп отырған мекемелердің де жағдайын қамту тиіс дейді мұндағылар. Стратегиялық маңызды коммуналдық орындар мемлекет тарапынан бір де бір көмек те алмайды деп налыған қызметкерлер, заң қайта қаралса деген үмітте.

Зарина Камасова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл сұрақ мәжіліс деңгейінде көтерілу керек деп есептеймін. Жағдайды қайтсек ушықтырмаймыз, соны ойлау керекпіз. Яғни тұрғындарға залал тимейтін дегенмен коммуналдық қызмет ұсынушыларды да тақырға отырғызбайтын бір мәмілеге келу қажет.

Тарифті өсіру халықтың қалтасына салмақ түсіреді. Сонысымен де шетін сұрақ. Дегенмен, коммуналдық мекемелердің сапалы әрі үздіксіз қызметі қала үшін аса маңызды. Енді бұл екі мәселеде «өгіз де өлмейтін,арба да сынбайтын» шешім қабылдау мүмкін бе? Ол жағы әзірге белгісіз.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов