Нұр-Сұлтанда ашық аспан астындағы театр бой көтерді

Шаһарымызда жаңа нысан бой көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Амфитеатр Есіл өзені мен Бейбітшілік және келісім сарайының арасында орналасқан. Жоба қала әкімшілігінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асты. Қоғамдық орынның құрылысы өткен  жылдың қараша айында басталған. Жұмыс қарқынын жеделдету үшін 200-ге жуық маман мен 20 шақты техника жұмылдырылған.

Нұралы Есен, жоба жетекшісі:
 - Бұл обьекті парктің ортасында болғандықтан, табиғи сипатын қалдыруға тырыстық. Өйткені бұл ашық амфитеатр. Халық келіп, демалуға, түрлі іс-шаралар өткізуге арналған ашық амфитеатр. Біз орындықтардың ортасына талдарды отырғыздық. Адамдар отырғаннан кейін жан-жағын көлеңке түсетін, талдарды отырғыздық. Бұл талдар өзі 15-20 жылдың төңірегінде орныққан талдар. Бұл талдардың барлығына суару системалары жүргізілген.
Кешеннің жобасы қалалық урбанистика орталығының идеясымен жасалған. Нысан концерттік бағдарламалар мен неке қию рәсімі, туған күн кештерін өткізуге таптырмас орын. Қаладағы екінші амфитеатрдың аумағы 0,7 гектар жерді алып жатыр. Ауқымды алаңға 500-ден астам ағаш егілген. Бұдан бөлек, тұрғындар үшін 20 шақты орындық қойылған. Көпшілік келетін орынға бір мезетте 200 адам сыяды. Балалар үшін кешеннің жанынан кішігірім ойын алаңы тағы салынған.

Елнар Базыкен, Урбанистика орталығының басшысы:
 - Жалпы біз қалада осы көбінесе, ағаштан жаңа бала ойнайтын реглементтерді енгіземіз. Біз балаларға ойын ретінде ағаштардан, природный материалдардан алаңдарды жасаймыз. Әртүрлі зерттеу көрсеткен. Мұндай алаңдарда балалар өте тез дамиды. Мұндай алаңдарда балалардың көзқарасы бөлек болады. Бұл жаңа өмірге сай.

Амфитеатр «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» бас жоспары негізінде жүзеге асты. Аталмыш жоба қалалық урбанистика орталығы мен халықаралық ғарыштық Space Syntax командасымен бірлесіп жасалған. Бүгінде бағдарлама аясында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық кеңістіктер құрылды.

Елнар Базыкен, Урбанистика орталығының басшысы:
 - Біз қалада көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын өткізіп жүрміз. Біздің басты мақсатымыз қаламыз ыңғайлы және қолайлы болу үшін қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды абаттандыру. Биыл қалада 224 аула мен 24 қоғамдық кеңістік абаттандырылды.
Биыл 3-жыл қатарынан қаланы көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірге дейін шаһардағы 750 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Мамандар ары қарай да қалпына келтіру процесінің жалғасатынын айтты.
Авторлары: Іңкәр Қайратқызы, Ербол Даиров