Шоқыр шабақтары Каспий теңізіне жіберілді

Бекіре тұқымдас балықтар – Жайық-Каспий айдынындағы бағалы су маржаны. Жыл өткен сайын саны да азайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың популяциясын сақтау мақсатында NCOC компаниясы маусым айында Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының өндірістік қуатын пайдалана отырып, 340 000 шоқыр шабағын Жайық өзеніне жіберді. Ал 60 мың шабақ Атырау бекіре зауытынан аттанды.

Болат Мұхатжиев, Бекіре балық өсіру зауытының директоры:

- Атырау бекіре балық зауытында табиғат пайдаланушылардың шарты бойынша бүгін Жайық өзеніне шоқыр шабағы жіберілуде. Біз бүгінгі таңда қазір Жайыққа жібереміз де, ол шабақтар Жайық-Каспий бассейніне барып орналасады.

NCOC компаниясы 2016-2021 жылдардың аралығында Жайық-Каспий су айдынына бекіре тұқымдас балықтың 1,4 млннан астам шабағын жіберген. Бұл жұмыстар жыл сайын жүзеге асырылады.

Самат Сәрсенғалиев, NCOC компаниясының инженер-экологы:

- NCOC компаниясы бекіре тұқымдас балықтардың қорын көбейту мақсатында 2016 жылдан бері бағалы су маржандарының шабақтарын Жайық-Каспий бассейніне жіберіп келеді. Бұл табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі деп есептеймін. Бүгін 60 мың шабақ Каспий теңізіне жіберілді.

Солтүстік Каспийдің балық ресурсын сақтау, қоршаған ортаны қорғау - NCOC компаниясы үшін басты міндеттің бірі. Бұл шешім су айдындарындағы бекіре тұқымдас балық санының қайта қалпына келуіне мүмкіндік береді,- дейді, мамандар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов