Ақмола облысында «Дала күні» ерекше форматта өтті

Онда еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің соңғы жетістіктері, ауыл шаруашылығы саласына енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен техникалар таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға 150 компания, 5 мыңға жуық шаруа қожалығының өкілдері мен фермерлер қатысты. Сондай-ақ шетелден де мамандар келді. «Дала күнінің» ерекшелігі сол, отандық және шет елдік өнім өндірушілер «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп трактордың, комбайн мен егіс техникаларының түр-түрін шаруаларға паш етті. Ауыл шаруашылығы саласына енгізілген тың жобалар да жұртшылық назарына ұсынылды.  

Айбат Есентұров, шаруа қожалығының басшысы:

– Былтыр Еңбек ауылының маңында болған. Өте ұнаған. Биыл көлемі де кең болып жатыр. Маңызы өте зор. Өзіміздің әріптестермен кездесіп жатырмыз. Техника дамиды. Ғылым дамып жатыр.

Рудольф Гикл, Чехияның ҚР төтенше және өкілетті елшісі:

Мұнда 5 бірдей чех компаниясы келді. Басқа да компаниялардың каталогтарымен таныстық. Біз бұл салаға үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Елшілігімізде ауыл шаруашылығы министрлігімен жұмыс істейтін, өңірлерді аралап, осы саланы жіті бақылауда ұстайтын арнайы өкіліміз бар. 

Бұл күні фермерлер үшін шеберлік сыныптары мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Әкімдік өкілдері еліміздің түкпір-түкпірінен келген аграрлармен ынтымақтастықты одан ары арттыру жөнінде уағдаласты.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

Біздің өңір ерекше ғой. Еліміздің егіс алқабының 5 пайызға жуығы бізге тиесілі. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің, бидайдың 4/1 бөлігі Ақмоланың еншісінде. Бүгін өңірімізге қаншама компания келді.  

Шараны ұйымдастырушылар мен өңір басшылығы «Дала күнінің» шаруалар үшін тиімді болғанына сенімді. Өйткені жан-жақтан жиылған фермерлер жаңа технологиялар мен жаңа техникаларды тамашалап қана қоймай, пікірлесіп, тәжірибе алмасты.

Авторлары: Азамат Қасым, Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный