Маңғыстауда полиция жағажайларды бақылауға алды

Маңғыстау облысында шомылуға тыйым салынған жағажайларды полиция бақылауына алды.

Ақтау және Форт-Шевченко елді мекені аралығындағы жағалауда қауіпті 10 учаске белгіленген болатын. Оларға апаратын далалық және тас жолдарды патрульдік жасақтар таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін күзетеді. «Жағаға баруға рұқсат, бірақ суға түсуге болмайды. Аталған іс-шара адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр», - дейді тәртіп сақшылары.

Айта кетейік, жыл басынан бері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 7 адам теңізге батып кетті. Соның біреуі жасөспірім.

Білімғали Сұлтанов, облыстық ПД ЖПБ Бастығының міндетін атқарушы:

- Бүгінгі таңда осы аймақтарда ҚР әкімшілік-құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364-бабының 1-тармағымен 60 факті анықталды. Шара қолдану емес, ескертумен шектелдік. Қайталанатын болса, 364-баптың 2-тармағымен 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатыны қаперіңізге береміз.