Египеттен келген инженер қазақ тілін үйреніп жүр

Соңғы жылдары қазақ тілін үйренуге ден қойған шетелдіктер саны артып келеді. Олар әлеуметтік желіде блог жүргізіп, өз жетістіктерімен бөлісіп жатыр. Шетел азаматтары кеңбайтақ, ұлан-ғайыр жерімізге және мәдениетіміз бен тілімізге қызығушылық танытып, бар ынтасымен меңгере бастаған.

Ахмед Магди Қазақстанға алғаш рет 7 жыл бұрын келген. Мамандығы инженер. Кіндік қаны Мысырда тамса да қазақ жеріне біржола қоныс аударуға шешім қабылдаған. Ең әуелі оны табиғатымыз ғашық еткен.  Өзгені бауырына тартуға дайын тұратын қонақжай халқымыздың ыстық ықыласына да тәнті болған. Енді біртіндеп әуезді де бай қазақшаны үйренсем деп мақсат қойған.

- Я знаю қайда? Қанша уақыт? 

Ахмед күнделікті тұрмыста қолданылатын қазақ сөздерін біледі, түсінеді. Бірақ толыққанды сөйлем құрап, диалог орнатуға әлі дайын емес. Дегенмен қазақ және араб тілдерінде кездесетін кейбір ұқсастығын ескерсек, жуықта жақсы нәтиже көрсетемін дейді.  

Ахмед Магди, Мысыр азаматы:

- Тілді меңгерудің тиімді тәсілі – тәжірибе. Яғни қазақ тілінде сөйлейтін адамдармен қарым-қатынас орнатып, солармен көп сөйлесу. Сондықтан жұмыстағы достарыммен жиі тілдесуге тырысамын. Бір күнде бірнеше жаңа сөз үйренемін.  Ендігі мақсатым – қазақ тілінде жақсы сөйлеу. Қазақ және араб тілдерінде ұқсас сөздер көп. Мәселен, кітап пен медресені алайық. Бұл да тіл үйренуге көмектеседі.    

Қазір әлеуметтік желіде тіл үйренуге арналған платформа өте көп. Солардың көбін ютубтан табасыз. Ахмед те бос уақытында видеонұсқаулықтар көреді. Рас, әркімнің тіл үйренугеді мақсаты әртүрлі. Мәселен, журналист Ренат Ташкинбаев қазақ тілді аудиторияны барынша жақсы түсіну үшін тіл меңгеруге кіріскенін айтады.  

Ренат Ташкинбаев, журналист:

- Бұл ұзақ процесс екенін жақсы түсінемін. Үнемі жаңа әдістеме іздеу керек. Мен журналиспін. Сондықтан кейде қазақ тілді ортаға түскенде өзімді жайсыз сезінемін. Өзім тілдесетін адам маған сеніммен қарау керек. Сондықтан осы мақсатта тілді меңгеремін деп алдыма мақсат қойдым. Бастапқыда қиын болды. Бірақ көмектесетіндер көп. Солардың арқасында сөздік қорым толығып жатыр. 

«Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған Ешқандай күмән болмауы керек». Мемлекет басшысы Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде осылай деген еді. Демек, қазақ тіліне деген қызығушылық алдағы уақытта еселеп артады. Бұған да күмән болмауы тиіс.

Наргиз Бекмағанбетова, Артур Горшняков, Еламан Мұстафа