Жаркенттік шаруа бақша салып, мал басын асылдандыруда еселі еңбек етіп жүр

Еңбектенсең, қара жер қарыз арқаламайды, маңдай теріңнің өтемін еселеп береді. Жетісу облысындағы Жаркент өңірінің бағбаны Еркін Ысқақов осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол жекешелендіру кезінде шаруашылық ашып, жеміс бағын еккен. Қазір бұл іске балаларын да жұмылдырып отыр. Жаздық алманы жинай бастаған Еркін Алтайұлы бағбаншылықты 2010 жылы қолға алған. Ағасымен күш біріктіріп, кәсіп бастаған агроном 12 гектар алқапқа алма, өрік отырғызды. Бірнеше жыл күтіп баптаған бақшасы қазір молынан жеміс беріп тұр. Әр гектарынан 25 тоннаға дейін өнім алады.

Еркін Ысқақов, шаруашылық жетекшісі:

Тек қана біз емес бұл бақтың қызығын көріп отырған. Осы аумақта отырған Ақжазық, Аққұдық аулынан Көкталдан келіп, массовый алма піскенде келіп, осы жерден нәпәқасын, еңбекпұлын тауып кетеді. Сондықтан 40-45 адам жұмыс істейді. Тек қана маған емес ауылға жасап отырған жақсылық деп ойлаймын.

Еркін Алтайұлы жеміс-жидекпен қатар мал өсіру ісін де өркендетіп отыр. Қожалықты он сиырмен бастаған ол ірі қара санын 300-ден асырып, асыл тұқымды шаруашылық деңгейіне жеткізді. Оны үлкен ұлына тапсырған. Ал кіші баласын бағбаншылыққа баулып келеді.

Абылай Еркінұлы, бағбан:

Алматыда университет бітіріп, ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс жасап жүргенбіз. 2020 жылы карантин болған кезде Алматыдан ауылға келдім және де ауылдан осында әкеме көмектесу үшін қалдым. Аллаға шүкір, үшінші жыл осы саланы меңгеріп, тіпті бір маманы болып алдық. Болашақта осыны көркейтуге әкеме атсалысып, көмектесейік деп жатырмыз.

Еселі еңбегімен шаруашылығын шалқытқан шаруа әкесінен қалған қара шаңырақта тұрады. Елуді еңсерген ел ағасы өмір жолы арқылы өскелең ұрпаққа үлгі өнеге көрсетіп келеді. 

Қарлығаш Алтайқызы, Е.Ысқақовтың әпкесі:

– Елмен қарым-қатынасы жақсы, кем-кетікке көмектесіп тұрады. Көмек сұрағандардан көмегін аяған емес. Ағайын-туыстың арасында сыйлы. Ағайынды жетеуміз, бір үйдің баласымыз.

Еркін Ысқақов балаларымен жүз бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. Келесі жылы жеміс алқабын да ұлғайтпақ. Бірігіп еңбек етсек бітпейтін іс, алынбайтын асу болмайды, – дейді шаруа.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев