Қызылордада электр желілерінің 70% тозған

Қызылорда қаласындағы электр желілерінің 70 проценті тозған. Қосалқы электр стансаларының да жүктемесі 2-3 есе артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті 18 жылдан бері электр желісі тартылмаған көше бар. Батырхан Қайыпұлы көшесіне 2004 жылдан бастап тұрғындар қоныстана бастапты. Кезінде әр үй мынадай бағандарды орнатып, электр желілерін өздері тартып алған. Содан бері 18 жыл уақыт өтсе де, жарықтың жыры бітпеген.

Әділхан Жұмаділов, Батырхан Қайыпұлы көшесінің тұрғыны:

– Жарық деген жоқ есебі. Кешке ғана емес, кейде күндіз де күші келмей қалады. Кондерды қоса алмаймыз. Тоңазытқашты да қоса алмаймыз.

Тұрғындар осы көшеге қонысталғалы бері сығырайып қана жанатын электр шамының астында өмір сүріп келеді. «Бірақ ақысын жұрт қатарлы төлеп отырмыз. Қисайған бағаналар сәл жел тұрса құлап, жамау-жасқау болған жарық желілері жиі үзіледі», – деп налиды тұрғындар.​ ​

Айжансұлу Қаппарова, Батырхан Қайыпұлы көшесінің тұрғыны:

– Кешке жақын осы жерде балалар көшеге шығып ойнайды. Сосын мына электр үзіліп кетсе, жел болса, жаңбыр жауады, сол кезде балалар тоққа түсіп қалса, не болады жағдай?

Тұрғындардың бұл алаңдауынан жақында ғана хабардар болған қала әкімдігінің өкілі қазір тексеру жұмыстары басталғанын жеткізді.

Тілеухан Насреддин, қалалық құрылыс бөлімінің жетекші маманы:

– Жоба іздестіру жұмыстары осы күнге дейін істелмеген. Бұл мәселе қатты көтеріліп жатқаннан кейін бөлім тарапынан мамандар бөлініп, осы жоба-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр қазіргі таңда. Әрі қарай қаражат бөлу оны нақты айта алмаймыз. Ол бюджеттен бөлінетін ақша, оны сессиядан қаралады. Енді тиісінше қаражатты тез бөлінуге жұмыс жасайтын боламыз.

Қызылорда қаласындағы жарық желілерінің 70 процентінің қолданысқа берілгеніне​  50-60 жыл болған. Осы уақыт аралығында жүктемесі 2-3 есе артқан. Қалада жарық мәселесінің жиі көтерілуі осыған байланысты.

Мархабат Жайымбетов, облыс әкімінің орынбасары:

– Шұғыл түрде 500 млн теңге облыстық бюджеттен қаржы бөлінетін болады. Сондықтан да осы 3-4 подстансаға жаңа трансформатор, басқа да қосалқы бөлшектер алып, осы қысқа кіреміз деген ойымыз бар. Жөндейміз деген подстансаларымыз «Силикатная», «Промышленная» КБИ ауданы, «Автотрактордеталь» деген бар бүкіл орталық Залинейная »телевишканың қасы, Гормолзавод «Комсомол» подстансалары бар. Үлкен подстансалар.​

Облыс орталығындағы қосалқы электр стансаларын толық жаңалау үшін 9 миллиард теңгедей қаражат қажет екен. Оның жартысынан астамы ел бюджетінен бөлінген. Алайда мердігердің жауапсыздығы салдарынан күрделі құрылыс басталмапты. Қазір бұл мәселе сотта қаралып жатыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов