Елордада «Asar Joly» акциясы басталды

Елордада «Асар жолы» қайырымдылық акциясы басталды. Жоба аясында мұқтаж жандарға қолдау көрсетумен қатар жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу көзделген. Осы орайда ұйымдастырушылар қалалық ипподромдардың бірінде киіз тігіп, асық атып, құрылтай өткізді. Марафонға мұрындық болған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, қала әкімдігі мен «Asar Ume» қайырымдылық қоры.

«Асар жолы» акциясы театрландырылған қойылым түрінде басталды. Бірақ басты рольдерде артистер емес, кәсіпкерлер мен өзге де қайырымды азаматтар. Олар акция аясында әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыларға баспана беріп, қолдау көрсетуге келген. 

Асхат Нұрмашев, "Asar Ume" қайырымдылық қорының президенті:

- Мұқтаждарға пана беріп, жас балаларға қиыншылықта жүрген отбасыларға мотивация беріп, осы жоспар бойынша 50 шақты отбасыны баспаналы қылу. Одан басқа жұмыспен, біліммен, кәсіппен көмектесу.

«Жақсылық жасаудан жарысайық» деген ұранмен қор өкілері өзге қалалардағы кәсіпкерлер мен ауқатты жандарды игі іске атсалысуға шақырады. Осылайша бір қаланың қайырымды азаматтары басқа қаладағы мұқтаждарға жәрдемдеседі. 

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Ең алдымен халықтың әл-ауқаты, халықтың әлеуметтік жағдайы. Соған байланысты үлкен бағдарлама қабылдағанбыз. Ол бағдарламада әрбір Қазақстан азаматы өзін табуы керек. Соған байланысты қандай идеялар бар, қандай ойлар бар, қандай кейстар бар, соның бәрін мен әр уақытта қолдауға дайынмын.

Елордада басталған «Асар жолы» акциясы енді өзге өңірлерге жол тартады. 2,5 айдың ішінде қайырымды жандар 20 өңірдегі азаматтарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Соңғы 3 жылда қор 440 отбасыға баспана сыйлады. 

Ғазиза Мұхамеджанова, Ырыстанбек Оспанов