Ақтау жағажайын қоқыс басып барады

Әдетте теңізге шомылуға келгендер дорбалап тамақ тасып, қалдықтарын шашып кетіп жүр. Қала ішінде Каспиймен шектесетін жерлердің де тазалығы мәз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазда жағажайда маусымдық сауда қызады. Кешкісін кәсіпкерлер тұрған орнын жинап, жақын маңдағы қоқыс жәшіктерін толтырып қояды. Солай бола тұра, коммуналдық мекемемен келісімшарт жасағысы келмейді. Әкімдік өкілдері кезекті рет бақылау шарасын өткізіп, бизнес өкілдеріне ескерту жасады.

Мұндай көріністі жағажайдан күнде көруге болады. Тамақ қалдықтары, қолданылған гигиеналық бұйымдар кез келген жерде жатыр. Аптап ыстықта таралған иіс қолқаны қабады. Теңіз жағалауында балмұздақ, фаст-фуд тағамдарын сататындардың саудасы қызып тұр. Қалдықтарды кәсіпкерлер сол жердегі қоқыс жәшіктерге салып, толтырып қояды.

Ал мына сауда орнында сатушылардың жұмысын кәмелетке толмаған балалар атқарып жүр. Кәсіпкер бұл учаскені аз уақытқа қолдануға рұқсат алғанын айтады. Сол себепті қоқыстарды шығаратын коммуналдық мекемемен келісімшартқа отырғысы келмейді.

Айжан Бектубаева, кәсіпкер:

– Тамызға дейін бізге рұқсат берген. Сағат 6-7-лерде келіңіздер. Сөйлеп беремін.

Неге біз сол кезде келу керекпіз?

Халық келеді сол кезде. Қыздар, сатушылар келеді. Бұл жерде менің кінәм ерте келіп ұсталып тұрмын да.

Яхт-клуб тұрған жағажай тазалығы мәселесін де тұрғындар жиі көтеріп келген еді. Былтыр бұл аумақ серіктестікке сенімгерлік басқаруға берілді. Аз уақытта келбеті өзгерді. Жағалау құмы тазаланып, жасыл желек егілді. Демалушыларға мұнда кіру тегін.

Руслан Сулейменов, компания өкілі:

Бұрын бұл өте лас болды. Қазір күн сайын тазалап тұрамыз. Көліктер кірмес үшін айналасына қоршау орнаттық. Қоқыстарды сұрыптап, тиісті мекемелерге жеткізіп береміз.

Әнуар Туляков, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Қала жағажайларында рейдтік бақылау жұмыстары басталды. Көп жағдайда сауда нүктелері тұрған жерлер тез ластанады. Кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Көпшілігі желді күндері шашылатынын айтып ақталады. Демалушыларды да жауаптылыққа шақырып жатырмыз.

Жыл басынан бері қоғамдық орында қоқыс тастаған 6 мыңдай тұрғынға әкімшілік шара қолданылды. Салынған айыппұл көлемі 24 млн теңгеден асады. Қазір шаһар билігі жағажайда санитарлық тазалық жүргізетін мердігер іздеп жатыр. Бюджеттен 2 млрд теңге бөлінетін келісімшарт 3 жыл мерзімге түзіледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев