Алакөлде болған өрттің себебі анықталды

Алакөлдегі 17 ғимараттың күлін көкке ұшырған өртке үйлердің тығыз орналасуы себеп болған.

Алапат өрттің мән-жайы әлі де егжей-тегжейлі тексеріліп жатыр. Дегенмен, мамандар бүгін осындай қорытындыларымен бөлісті. Ол аздай жалынның тез таралуына жел мен құрғақ ауа райы ықпал еткен. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері Алакөлдегі жағдай бойынша қылмыстық іс қозғаған. Барлық қажетті тергеу шаралары жүріп жатыр. Өртке кінәлі адам анықталса, оған материалдық залалды қалпына келтіру міндеті жүктеледі.

Дмитрий Титов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары: 

- Өрттің басты себебі үйлердің тығыз салынуынан. Бұл үйлер ағаштан жасалғандықтан жалынның тез тарауына ықпал етті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 2 минутта жеткенін айтқым келеді. Кейін жақын жердегі өрт сөндіру бөлімшелерінен қосымша күштер мен құралдар жеткізілді, тіпті жергілікті атқарушы органдар да жұмылдырылды. 

Жалпы жыл сайын елімізде 800-ге жуық орман және дала өрті тіркеледі. Биыл да жағдай оңып тұрған жоқ. Қазгидрометтің болжамы бойынша үшінші тоқсанда ауа температурасы орташа +30ºС-қа дейін жетеді. Ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөліктерінде құрғақшылық пен жауын-шашын тапшылығымен ауа температурасы +40ºС-қа дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Мұның бәрі ормандағы өрт қаупін едәуір арттырады, деді комитет төрағасы Нұрболат Дербісов. Осыған дейін елімізде тіркелген өрттердің 43%-і табиғи құбылыстардан, ал 50%-тен астамы адамдардың қатысуымен болған.