Жаңадан құрылған Абай облысына жұмысшы мамандар қажет

Өңірдегі ең ірі өндіріс орны техникалық мамандықты меңгерген 200-ге жуық жасты тағылымдамадан өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар «Тағылымгер» бағдарламасы аясында екі жыл көлемінде кәсіпорында жұмыс істейді. Жатақханамен тегін қамтамасыз етіледі, ең бастысы, жұмысшылармен бірдей жалақы алады. 2018 жылдан бері аталған бағдарлама бойынша жоғары оқу орындары мен колледжердің 460 түлегі тәжірибеден өтіп, оның 280-і тұрақты жұмысқа орналасқан.

Лаура Бикенова, тағылымдамадан өтуші, химик:

- Қазір Ақтоғайда тұрып, жұмыс істеп жатырмын. Мектепті бітірген соң кен орнының грантын иеленіп, Өскеменде колледжде оқыдым. Оны аяқтаған соң осында тәжірибеден өтуге шақырды. Қазір химиялық талдау зертханасында жұмыс істеп жатырмын. Әрқайсымызға бекітілген тәлімгеріміз бар. 

Әкбар Әлішер, тағылымдамадан өтуші, инженер:

- Өндірісте жұмыс істеуді бұрыннан армандаушы едім. Оқу бітірген соң біраз уақыт жұмыссыз жүрдім. Мұндай бағдарламаның бар екенін кейін біліп, емтихан тапсырып, сынақтан сүрінбей өттім. Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.